«Мүгедектікке шығарып беремін» деп 3 тұрғынды алдаған

40

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне арызданып келген жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді. Айтуынша, танысы «мүгедектікке шығарып беремін» деп сеніміне кіріп, 600 000 теңге ақшасын алып кеткен. Арадан 1 жылға жуық уақыт өтсе де уәдесін орындамаған, не ақшасын қайтармаған.

Дәл осындай арызбен полицияға бірнеше әйел шағым түсіріп, алданғандарын айтқан. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Келіп түскен ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, полицияға жеткізілді. Ол жұмыссыз Келес ауданының тұрғыны болып шықты.

Бұл алаяқтық қылмысы бойынша жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, сезіктінің жалпы 3 жайтқа қатысы бары анықталды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.