Нашар интернет үшін байланыс операторларына 1 млрд -тан астам айыппұл салынды

18

 Биыл нашар интернет үшін байланыс операторларына 1 млрд. 264 млн. теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді.

Мусин заңнамалық өзгерістер арқылы операторларды байланыс инфрақұрылымына «инвестиция құюға» ынталандыру механизмі бекітілген еске салды. Атап айтқанда, әрбір байланыс технологиясы үшін ең төменгі сапа параметрлері белгіленген. Мәселен, 3G үшін – секундына 1 Мбит, 4G үшін – секундына 5 Мбит.
Бұл механизмге сәйкес, бекітілген сапа көрсеткіштерін бірінші рет бұзғаны үшін айыппұл мөлшері 100 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін көтерілді, егер бұл талап қайта бұзылса, 200 АЕК-тен 15 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынады.
«Шынын айту керек, бұрын айыппұл мөлшері аз болған. Сол себепті операторларға жауапкершілік алмай, жай ғана айыппұл төлеп жүре беру ыңғайлы еді. Қазір айыппұлдың өсуі операторлардың өз инфрақұрылымына жауапкершілікпен қарауына және тұтынушыларға сапалы интернет ұсынуға мүмкіндік береді», – деді Мусин мәжілісте өтіп жатқан үкімет сағатында.
Оның айтуынша, айыппұл мөлшері өскеннен кейін бюджетке түсетін кіріс те ұлғайған.
«2022 жылы барлығы 1051 тексеріс жүргізіліп, 1 млрд 264 млн теңге сомасына айыппұл жазылды. Бұған қоса, айыппұл нәтижесінде операторлар 700-ден астам базалық станцияны қосымша орнатты», – деді Мусин.

Қанша ауылда интернет бар

Министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда 6 406 елді мекен бар, соның 4 733-і, яғни 74 проценті кең жолақты мобильді интернетке қосылған. 1 628 елді мекен – 4G-ге қосылса, 3 105 елді мекен 3G технологиясымен қамтамасыз етілген.
«Барлық елді мекеннің 34 проценті ADSL технологиясымен, яғни мыс сымымен қосылған, ал 26 пайызы оптикамен. Мыс кабелі дегеніміз Кеңес одағы кезінде тартылған сымдар. Оны ауыстыру және жаңғырту қажет», – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ халық саны 260 мыңнан асатын 1673 ауыл кең жолақты мобильді интернетпен қамтылмаған.
«Байланыс сапасын көтеру мақсатында біз жыл сайын «базалық станциялар» санын көбейтіп жатырмыз. Бүгінде 43 мыңдай «базалық станция» орнаттық. Демек, жыл сайын 4 мыңға жуық жаңа станция іске қосылады», – деді Мусин.