Қ.Тоқаев: «Халықтың өмір сүру сапасы төмендеген»

41

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, үкімет биыл еліміз тап болған сын-қатерлерге қарсы тиімді жұмыс істей алмағанын айтты. Сондай-ақ Смайыловқа тікелей сұрақ қойған президент министрлер кабинетін отставка жіберу-жібермеу мәселесін талқылау керектігін мәлім етті. Себебі, халық тарапынан түскен арыз-шағымның есебі жоқ.

Қазақстандықтар Үкімет пен әкімдердің жұмысына наразы. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың өмір сүру сапасының төмендегенін айтты. Әрі мемлекеттік органдардың назары адамдардың нақты проблемасында емес, виртуалды әлемде екенін айтып сынға алды.Сондай-ақ Президент, жағдай келесі жылы биылға қарағанда қиынырақ болады деп болжады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде халықтың күн көруі қиындап барады, баға шарықтап өсуде. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен. Тіпті мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды! Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Мен премьер-министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, Жаңа жылға үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Меніңше, бұл мәселелер мемлекет басшысының премьер-министрмен және парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керек ».

Президент халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселесіне де баса назар аудару қажет екенін айтты. Өйткені дәл қазір инфляцияның өсуі азаматтардың жағдайын қиындатып отыр. Ал табысы,әдеттегідей, ең төменгі деңгейде.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты.Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар.».

Негізгі құжат – Халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құжатты қазіргі жағдайлармен сәйкестендірген жөн деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы тұтынушылық кредиттің шамадан тыс көбеюін төмендету керек екенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Бүгінде проблемалық кредиттердің көлемі жарты триллион теңгеге жетті. Миллионнан астам адам өзінің банк алдындағы міндеттемелерін өтеуге жағдайы жоқ. Олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» Заң күшіне енуге тиіс. Сонымен қатар кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн».

«Бармақ басты, көз қысты» әрекетті тоқтататын уақыт келді. Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысын күшейту мәселесіне де тоқталды. Алдағы уақытта мемлекеттік орган қызметкерлерін «таза» жұмыс істеуге шақырды.