Шымкентте үйдің сапасына көңілі толмаған тұрғындар шағымданды. Мемлекеттік бағдарламамен баспаналарына әупіремдеп жүріп қол жеткізгендер қуанышымыз көпке созылмады деп ашынады. Себебі, сапасы сын көтермейтін үйде қысты күні күнелту мүмкін емес. Тіпті, аяқ-қолымызды жылыта алмаймыз дейді тұрғындар.
«Мынау не деген сұмдық? Мынау әншейін сарай. Ауылда сарай соғады ғой блокпен көтеріп крышасын жабады да малдарын қыстан шығаруға. Е, ана жаққа барасың көмектеспейді. Әкімшілікке барасың «болды, ертең» деп шығарып салады»,-дейді тұрғындар.
Қанша жыл кезек күтіп баспанаға әзер жеткен халықтың қуанышы су сепкендей басылды. Шымкент тұрғыны Айдос Төлепов өткен жылы ғана қоныс тойын тойлаған.
Алайда баспанасына мүлдем көңілі толмайды. Айтуынша, сапасыз үйдің қабырғадағы тесіктерінен жел кіріп, күн суығаннан бері жылына алмай келеді.
Тұрғындардың айтуынша, олар былтыр қыста да дәл осылай маусым бойы тоңып шыққан. Биыл жағдай тағы өзгермепті. Сондықтан, балалары ауырып қалмас үшін оларды туыс-туғандарының үйіне жіберуге мәжбүр. Сөздерінше, үйдің сыртындағы қаптауымен қабырға арасына жылу ұстайтын қажетті заттар салынбаған көрінеді.
Салтанат Балатаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Батарейканың саны бұл үйге шындығы керек ешқандай сай емес. Олар айтады, екі шетте труба өткен сол себепті жылу болуы керек дейді. Бірақ ол трубадан ешқандай жылу келіп жатқан жоқ. Мына қабырғаны ұстасаңыз даладағы қабырғаны ұстап тұрған сияқты боласыз».
Жұрт мән-жайды білуге келген шенеуніктерге кем-кетіктің барлығын көрсетті. Екі жыл бұрын пайдалануға берілген үйдің 5 жылдық кепілдігі бар екен. Сондықтан, мердігер мекеме өкілдері барлық ақауларды жаңа жылға дейін дұрыстап беруге уәде етіп отыр.
Жанғали Бибатыров, Мердігер мекеме басшысының орынбасары: «Көріп шығамыз, ашатын жерін ашып көреміз. Істелмеген жері болса қосымша істеп береміз. Ия сол утеплять етіп, іш жағын істеп береміз. Қанша уақытта? 1 апта, 10 күн алатын шығар. Толық біте ма? Иә».
Шарасы таусылған шымкенттіктер енді уәде орындалмаса, әкімдікке барып жылы жерді паналаймыз дейді.