Рөлі оң жақтағы шетелдік көліктерді заңдастыруға билік рұқсат берді

141

Билік халықтың жағдайын ойлап, рөлі оң жақтағы шетелдік автокөліктерді заңдастыруға рұқсат беріп отыр. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір Қазақстанда заңдастыруға жататын автокөліктердің жалпы саны 300 мыңнан асады. Соның ішінде рөлі оң жақта орналасқан 20 мыңнан аса көлік бар. Рөлі оң жақтағы көліктерді тіркеуге рұқсат берер алдында министрлік арнайы зерттеу жұмысын жүргізген.
«Әрине, рөлі оң жақта орналасқан көліктердің жол жүру қауіпсіздігін сақтауда үлкен мәселелер бар. Бірақ бүгінгі күні мұндай көліктерді алып келген Қазақстанның азаматтары, біздің халық қой. Қаржылық жағдайы мәз болып тұрған кісілер емес. Олар сол автокөлікті тапшылықтың салдарынан әкеліп отыр ғой. Сонықтан халықтың жағдайына түсіністікпен қарап, оларға бір мезгілдік рұқсат берілейін деп отыр», – деп түсіндірді Сұлтанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазіргі таңда рөлі оң жақта орналасқан көліктердің иелерінің кінәсінен болып жатқан жол апаттары соншалықты көп емес.
Айта кетері, Қазақстанда 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруға рұқсат берілді. Оның арасында рөлі оң жақта орналасқан көліктер де бар. Бастапқы тіркеу үшін төленетін алымның мөлшері – 200 мың теңге. Заңдастыру алдағы жарты жыл ішінде жүргізіледі.
Тіркелетін автокөліктерге үш негізгі талап қойылады:

автокөлік іздеуде болмауы керек;

кедендік тазартудан өтуі қажет;

елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы шарт.