Тәуелсіздік алғалы бері қанша төл теңгеміз шықты? «Шымкент коллекционерлері» қоғамдық бірлестігі қаламыздағы А. Пушкин атындағы кітапханасында ерекше көрме ұйымдастырды. Онда 1992 жылдан бергі Ұлттық банк ұсынған барша тиындар мен қағаз ақшалар бар. Оның ішінде алтыннан, күмістен құйылған өте бағалы тиындар да кездеседі.
Шымкенттік коллекционер Қалмұрат Исақовтың ерекше дүниелер жинаумен айналысқанына 20 жылға таяды. Осы жылдар ішінде қазақтың тарихи туындыларын, Ұлттық Банктің аз таралыммен шығарған күміс, алтын тиындарын жинаумен айналысқан. Ол бүгін жиынтығындағы халық ертегілері, «Қызыл кітапқа» енген ерекше жануарлар, салт-дәстүр бейнеленген айрықша тиындарды көрмеге алып келіпті.
Халмұрат Исақов, коллекция жинаушы: “Бұл жерде біз өте көп тиындар алып келдік. Бұлар әр жылға әрбір тематикамен шыққан. Мысалы мынау халық ертегілері бөлімімен шыққан тиын. Бұдан бөлек күміс тиындарымыз бар. «Қызыл кітаптан» бөлек ертегілер, бата, тұсау кесер сынды салт-дәстүрдің түрлері бар. Бұл 2007 жетінші жылы шығарылған”.
Аү Пушкин атындағы кітапханада Ұлттық Банк ұсынған түрлі тиындар мен осы күнге дейін қолданыста болған ақшалар коллекциясы қала тұрғындарының назарына ұсынылды. Онда қағаз түріндегі 1 тиыннан бастап, арнайы шығарылған салмағы 1 келі тартатын күміс тиын да бар. Оның құны шамамен 1 млн. теңгені құрайды екен.
Ерсаин Оспанбаев, «Шымкент Коллекционерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі: “16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылып жатқан іс-шара. Біздің негізгі мақсатымыз осы. Тәуелсіздіктің символы ретінде осы төл теңгеміз жүреді. Бұл жерде коллекция болғандықтан әр адам жеке жиынтығын алып келді. Біздің оң жағымызда Қазақстанның тиындары, ақшалары бар. Олар алтыннан, күмістен жасалған және нейзильбер деп аталады” .
Мұнда еліміздің тарихи теңгесінен бөлек шетелдік купюралар, 1980 жылғы Мәскеуде өткен олимпиада төсбелгілері сынды мыңнан аса ерекше туынды жиналған. Бұл шара осыдан 3 жыл бұрын басталған. Пандемия кезінде тұралап қалған көрме, биыл қайта жанданды.