Шымкент қалалық онкологиялық орталығында 2 мыңға жуық күрделі ота жасалды

40

 

Шымкент қалалық онкологиялық орталығында ағымдағы жылы қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға 1800 күрделі ота жасалды. Оталардың арасында 81-ін мамандар эндовидеохиругиялық әдіспен жүзеге асырды.

Орталықта заманауи ангиограф құрылғысының іске қосылуы биылғы жылдың ең үлкен жетістігі! Білікті дәрігерлер озық қондырғының көмегімен биылғы жылы бауыр мен бас миының ісіктері кезінде жасалынатын 200 ден аса ангиографиялық операцияларды жасады. Қазір мұнда жергілікті тұрғындардан бөлек, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келген науқастар да ем-дом алуда.

Сонымен қатар Шымкент қалалық онкологиялық орталығында биыл өңештің және тік ішектің қатерлі ісіктеріне 31 кіші инвазивті операциялар жасалды. Орталық мамандары қатерлі ісікпен күресте осындай заманауи әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізу мақсатында өздерінің білім-біліктіліктерін жүйелі түрде арттырып отырады.
Айта кетейік, қатерлі ісік ауруларымен күресті күшейту мақсатында орталық мамандары бүгінде тек Ресей ғана емес, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің дәрігерлерімен де тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Осы бағыттағы тәжірибе алмасу шараларының нәтижесінде науқастардың жағдайы, өмір сапасы жақсарып, ем-шаралар алуы жеңілдей түскені байқалады.

Орталықта онкологиялық ауруларды алғашқы сатыларда алдын-алу мақсатындағы профилактикалық жұмыстар да сапалы атқарылуда. Соның нәтижесінде қатерлі ісікке шалдыққан ауруларды емдеуде оң нәтижелер көп.