Шымкентте еліміздегі ең үлкен ипподром ашылады

Шымқалада еліміздегі ең үлкен ипподром ашылады. Мегаполис басшысы Шымкент ипподромындағы құрылыс барысымен танысты. BI Group-тың мәліметіне сүйенсек, ашылу салтанаты 2023 жылдың наурыз айына жоспарланған. Мұрат Әйтенов жүйріктер шабатын шеңбер, көкпар алаңы және жылқыларды баптайтын орынмен танысты. Ипподром техникалық тұрғыдан ашық, қазір онда түрлі жаттығулар өткізіліп жатыр.

Шымкенттегі бұл ипподром – еліміздегі ең үлкен бәйге алаңы. Қазіргі таңда мекемеде техникалық тұрғыдан бірнеше манеж ашылып үлгерді. Қызметкерлер мұнда тек соңғы жұмыстардың қалғанын айтады.

Бозарық ауданындағы жаңа ипподром әлемдік стандарттарға сай жасалған. Ол – ірі халықаралық жарыстар мен ат бәйгелері үшін негізгі отандық орынға айналуға үміткер мекеме. Ал мұнда арнайы жасалған топыраққа баса назар аударылған.

Ипподромның ауданы 1,5 есеге ұлғайған, ал жарыс шеңберінің ұзындығы 41 мың шаршы метр. Ал көкпар алаңының аумағы 16-дан 18 мың шаршы метрге дейін кеңейген.

Құрылыспен айналысып жатқан компания жобаға өз қаражаты есебінен құны 1 миллиард теңгелік манеж құрылысын қосты. Бәйге алаңының жалпы құрылысына компаниядан 6 миллиард теңгеден астам шығын шыққан. Жалпы, ипподромның ашылу салтанаты 2023 жылдың наурыз айында, мереке қарсаңына жоспарланып отыр.