«Жаңа Қазақстан – бақытты балалық шақ мекені!» дәл осындай атаумен еліміздің барлық өңірінде Президент шыршасы өтті. Шымкентегі шараға 300 оқушы қатысты. Оларға танымал ертегі кейіпкерлері қонаққа келіп, Аяз ата базарлығы, көңілді ән мен би керемет көңіл күй сыйлады.
«Президент шыршасы» жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін мерекелік шара. Сондықтан жыл сайын бүлдіршіндер қызыққа толы кешті асыға күтеді. 10 жасар оқу озаты Аяла Жайлаубай қатарластарымен жаңа жылды ерекше тойлайтынына дән риза.
Аяла Жайлаубай, 5 сынып оқушысы: «2023 жыл қоян жылы. Барлықтарыңызды құттықтаймын. мМен жаңа жылды жақсы көремін. Асыға күттім».
Жасыл шырша маңында жиналған бүлдіршіндерге Аяз Ата мен Қарша қыз тамаша көңіл күй сыйлап, ерекше сыйлықтарымен қуантты. Ал қала басшысы мерекелік кешке арнайы келіп, шаһар мақтаныштарына ел Президентінің құттықтауын жеткізді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Айналайын балақай! Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Осы тамаша мейрам саған көп қуаныш әкелсін. Келешекте отаныңды сүйетін үлкен азамат бол. Білім мен еңбек сені биік белестерге бастайды. Оқуда озат болып, спорт және шығармашылық салаларында зор табыстарға жетуіңе тілектеспін! Армандарың орындала берсін!»
Керемет кешке 300 оқу озаты, спорт пен өнерде белсенді және көпбалалы отбасыдан шыққан 9 бен 13 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Оларға ертегілер кейіпкері, аниматорлар, қоян келіп қызықты қойылымдар көрсетті.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Осы іс-шараға білім ұйымдарындағы ата-аналар комитетінің төрағаларының қарауымен сабақты жақсы оқитын, үздік, тәрбиелі балалар ұсынылған болатын. Жаңа жылда балалар бақытты болсын. Жаңа жыл құтты болсын»
Бүлдіршіндер жаңа жылдық шыршадан құр қол қайтқан жоқ. Мерекеге келген әрбір балаға Президент атынан 100 мың теңге, тәтті сыйлықтар мен ертегілер жинағы тарту етілді.