«Бейбіт күнде тыныштығымыз бұзылды». Шымкенттегі «Қайтпас-1» шағынауданының тұрғындары айналаны қазып, тінтіп кететіндерден әбден мезі болғандарын айтады. Халық бұл — есірткі бизесімен айналысатындар болуы мүмкін деп топшылап отыр. 1 жылдан бері жалғасып келе жатқан жағдайға заң өкілдері неге тосқауыл болмай отыр? Тәртіп сақшыларынан үміт үзген жұрт арнамыздан көмек сұрады.
Бұл көріністі Қайтпас-1 шағынауданы, Баятар көшесінің тұрғындары бір жылдан бері көріп келеді. «Тыныштығымыз бұзылды» деп дабыл қаққан халық балалары үшін алаңдаулы. Айтуларынша, жас жігіттер күнде келіп жерді қазып, әлдебір затты іздейтін көрінеді.
Ербол Бекжанов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен ойлап отырмын ол синтетикалық зат. Одан басқа ештеңе жоқ. Қазір жастардың барлығы соған әуес болып кеткен ғой. Жарнамамен келеді деп ойлаймын. Түрлі түсті машинаман, әр түрлі машиналар келеді».
Әсемгүл Ержанова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біраз уақыт болды. Біз өзіміздің балалардан қорқамыз. Қалтасына салып кете ма, әлде біреу келіп ұрлап кете ме? Қазір неше түрлі жағдай болып жатыр ғой».
Тұрғындар бұл проблеманы тәртіп сақшыларына талай рет хабарлаған. Тіпті, бірнеше рет әлгі азамттарды өздері ұстап берсе де, ешқандай нәтиже болмаған. Көшенің әр бұрышын түркілеп, қазып жүргендер бәз-баяғыша өз жұмыстарын еш қиындықсыз жалғастырып жатыр деп ашынады.
Бақтыгүл Құрбанова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қанша рет 102-ге соқтық. Оларға рақмет хабар береді. Бірақ мына біздің Қаратау ауданынан хабар жоқ. Келтіре алмаймыз да, телефонын да алмайды. Мен бар суретті бердім. Номері де бар ол полицияның. Маған уацапта жібере беріңдер деді. Бірақ ештеңе өзгермейді. Мына жерге кезекшілік қойса, өздері де ұстар еді соларды. Біз халық болып өзіміз камера орнаттық. Барлығы дәлелі бар, көрсетіп бере аламыз».
Тұрғындардың камерадан бақылап отырғаннан басқа шарасы жоқ. Олар балалары үшін күндіз-түні экранға телміріп отыруға мәжбүр.
Ал Шымкент қалалық Полиция департаменті алғашында Қаратау ауданында мұндай көше жоқ деп айды аспаннан бір-ақ шығарды. Кейіннен жазбаша мәлімдеме жасады.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі: «Аталған дерек бойынша Қаратау АПБ криманалдық полиция бөліміне және департаменттің Есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасына хабарланып, жергілікті учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе отырып жедел профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Есірткі затын сатумен айналысып жүрген тұлғалар анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілетін болады».
Алайда жергілікті халық бұл уәжге сенбей отыр. Өйткені, полицейлер үнемі «бара жатырмыз» деген құрғақ уәдемен шектеледі дейді. Дегенмен, шыдамның да шегі бар деген жұрт енді шара көрмесе, Ішкі істер министрлігіне шағымданамыз деп бекініп отыр.