Сыйлық пен тиімді салымдарға сену қауіпті

49

Қазақстанда жыл басынан бері 18 мыңнан астам адамды интернет арқылы алдап кеткен. Олар 15 миллиард теңгеден айырылды. Осы уақытқа дейін барлық қылмыстың 16-18 пайызы ғана ашылған. Себебі, интернет алаяқтардың көбісі шетелде отырады. Оларды жазаға тарту оңай шаруа емес. Жиі кездесетін алаяқтық әрекеттерді және одан қорғану шаралары.

Онлайн саудада алаяқтар аз емес

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл интернет-алаяқтықтың басым бөлігі онлайн сауда саласында жасалған. Ондайда алаяқтар сатылатын тауардың ақшасын жібереміз дейді де, банк картасының нөмірін және басқа да деректерді сұрайды. Аңқау адамдар ақшаны тезірек аламыз деп, бәрін айтып қояды. Артынан есепшоттағы ақшаның жоғалғанын, тіпті, өз атына кредиттің қалай рәсімделгенін білмей қалады.
Сосын белгілі бір тауар үшін алдын ала төлем сұрайтын алаяқтар да болады. Олар хабарландыруға тауардың әдемі суреттерін салып, тапсырыс берушілерді күтеді. Ал алдын ала төлемді алғасын ұшты-күйлі жоғалады. Мәселен, биыл Алматыда 30 жастағы жігіт ұсталды. Ол доңғалақ пен дискті көтерме бағамен сатамын деп, интернетте жар салған. Тіпті, тауарды тікелей қоймадан арзан бағамен жеткізіп беруге уәде еткен. Бірақ алдын ала төлем жасауды талап еткен. Сөйтіп, ондаған адамды 15 миллион теңгеге алдап кетті.
Интернетте жоқ пәтерді жалға беретін алаяқтар да бар. Олар да алдын ала төлем сұрайды. Бірақ ешқандай пәтері жоқ. Интернетте «сапалы жиһаз жасайтын» алаяқтар да кездеседі.
Жалпы, жыл басынан бері тауарларды онлайн сатумен жасалған алаяқтық қылмыстардың саны 6 мыңнан асты. Бұл барлық қылмыстың 30 процентін құрайды.

40 миллион теңгені «қауіпсіз есепшотқа» салып жіберді

Бүгінде банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан қоңырау шалатын алаяқтар көбейіп кетті. Ондай қылмыстар екінші орында тұр, барлығы 3 мыңнан астам алаяқтық жасалды.
Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, банк қызметкері немесе тергеуші болып хабарласатын алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді пайдаланады. Соның арқасында шетелден қоңырау шалып тұрса да, жергілікті нөмір болып көрінеді.
«Алаяқтар шоттағы күдікті операциялар немесе біреудің кредит алуға тырысып жатқанын хабарлайды. Өздерін полиция немесе прокуратура қызметкері ретінде таныстырып, банктің арам пиғылды қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция өткізіп жатырмыз дейді де, адамдарды есепшоттағы ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді. Одан кейін барлық ақшаны ұрлап алады», — дейді Сүйінбай.
Осындай алаяқтарға алданған кейбір адамдар пәтерін де, көлігін де кепілге қойып, кредит рәсімдеп жатады. Мәселен, Петропавл қаласында тұратын бір келіншекке қоңырау шалған адам өзін «Халық банк» қызметкері ретінде таныстырған. Ол әйелдің атынан біреу 4 миллион теңге кредит рәсімдейін деп жатқанын және осы заңсыз операцияны шұғыл тоқтату қажеттігін айтқан.
«Әйел интернет-алаяқтық туралы білген. Бірақ қылмыскер WhatsApp мессенджері арқылы «кредиттің күшін жоятын келісімшарт» жібергеннен кейін сеніп қалған. PDF-сурет нағыз құжат сияқты көрінген, банктің логотипі де болды», — дейді полицейлер.
Осылайша, әйел 4 миллион теңгенің заңсыз кредитін тоқтатамын деп ойлаған. Бірақ, шын мәнінде, сол ақшаға кредитті өзі рәсімдеп, алаяққа жібере салған. Алаяқ айтқан «сақтандыру есепшоты» жалған болып шыққан. Ал Павлодар қаласының тұрғыны «банктің қауіпсіз қызметіне» алданып, 40 миллион теңгесін «қауіпсіз шотқа» салып жіберген. Барлық ақша шетелдік банкке аударылып кетті.

Сыйлық пен тиімді салымдарға сенбеңіздер

Интернет-алаяқтықтың тағы бір түрі – «сыйлық тарату». Ол кезде алаяқтар адамдарға қоңырау шалып, олардың қымбат сыйлық ұтып алғанын айтады. Сосын оны жеткізу үшін ақы сұрайды. Аңқау адамдар тағы өзінің жеке мәліметтерін айтып қояды да, барлық ақшасынан айырылады.
Бұдан бөлек, тиімді салымдарға қатысты жарнамалар кеңінен таралып кеткен. Ол да алаяқтардың ісі. Ондайда букмекерлік ставкамен немесе биржа арқылы қыруар пайда табуға ұсыныс жасалады.
Сосын алаяқтар өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, теңгемен ашылған депозиттердің мөлшерлемесін көтеруге ұсыныс жасауы мүмкін. Алдымен банк бөлімшесіне шақырады. Бірақ біршама уақыттан кейін «бас маман» хабарласып, депозит мөлшерлемесін көтеру бойынша өтінімді тіркеу қажеттігін жеткізеді. Ол үшін телефонға келген банк кодын айтуды сұрайды.

Алаяқтықтан қорғану шаралары

Тәртіп сақшылары алаяқтықтан қорғану үшін қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес беріп отыр.
Олар:
ЖСН, төлем картасының нөмірін, қосымшаға кіруге арналған парольді, картаның CVV-кодын, картаның қолданылу мерзімін, код сөзді, құпия сұраққа жауапты, сондай-ақ СМС-кодтарды және басқа да дербес ақпаратты ешкімге айтпау;

күдікті сайттарда өзіңіз туралы ақпаратты қалдырмау;

мессенджерлер арқылы келген фишингтік сілтемелерді ашпау;

ұялы телефонға AnyDesk/TeamViewer сияқты қашықтан басқаруға арналған қосымшаларды орнатпау;

барлық қолма-қол ақшаны бір картада сақтамау;

тауарды алғаннан кейін ғана төлем жасау;

ақшаны қауіпсіз шоттарға аударуға қатысты кеңестерге сенбеу;

күмәнді шарттар бойынша аударымдар жасамау;

қосымшаларды орнату үшін тек App store мен Play market-ті пайдалану;

бейтаныс адамдардан келген сілтемеге өтпеу;

банкинг қызметінің құпия сөздерін жиі өзгертіп отыру;

3D-қорғауды және банктер ұсынатын басқа қауіпсіздік шараларын қолдану;

шоттағы ақша қозғалысын жиі тексеріп тұру.

Интернет алаяқтық үшін қандай жаза қарастырылған

Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 4-тармағына сәйкес, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе оның сенімін теріс пайдалану арқылы жасалған алаяқтық әрекет үшін бірнеше жаза қарастырылған. Сотта біреуі ғана тағайындалады. Олар:

4 000 АЕК (12 720 000 теңге) көлемінде айыппұл;

айыппұлдың мөлшерінде түзеу жұмыстары;

1 000 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар;

4 жылға дейін бас бостандығынан шектеу;

4 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Ал қылмыс адамдар тобымен және аса ірі мөлшерде жасалса, бір ғана жаза қолданылады. Ол – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Шынар Оразова