Тұғыры биік Төлеби ауданына – 90 жыл

163

Төлеби ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудан орталығы Леңгір қаласында 3 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. 60 отбасыға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған баспана кілті табысталды.

Пәтерлер әлеуметтік осал топ санатындағы отбасы мен ата – анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілді.Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойына орай тағы қандай іс-шаралар атқарылғаны жөнінде толығырақ келесі бейнематериалда.

Биыл тұғыры биік Төлеби ауданына – 90 жыл! Мерейтойға орай Леңгір қаласында 60 отбасыға баспана кілті табысталды. Балқия Тұрсынова 10 жылға жуық үй кезегінде тұрған. Енді үлкен арманы орындалып, 2 бөлмелі пәтердің кілтін қолына алды.

Жаңа қоныс иелерін құттықтап келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мерейтойға арналған бірнеше іс-шараға арнайы қатысып, төлебиліктердің қуанышымен бөлісті.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Тәуелсіздік алған 31 жыл ішінде мемлекетімізде ауқымды жұмыстар атқарылды. Азаттықтың арқасында ауылдарды дамытуға мүмкіндік туды. Осы уақыт ішінде бір ғана Төлеби ауданында мемлекет есебінен 30-ға жуық көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 1 500 отбасы қоныс тойын тойлады. Бүгін біз 60 отбасыға пәтер кілтін табыс етпекшіміз. Осының бәрі – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған салиқалы саясаттың жемісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрғындарды баспанамен қамтуды басты назарда ұстайды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді».

Сондай-ақ, 90 жылдық мерекеге орай аудан орталығында Төле би бабаның еңселі ескертшісі ашылды. «Төлеби баба» саябағында орналасқан биіктігі 23 метр, салмағы 25 тонна мыс ескерткіш демеуші есебінен жасалды. Сонымен қатар, мерекеге келген қонақтар мен аудан тұрғындарына арналып «Тұғыры биік Төлеби» атты мерекелік жиын ұйымдастырылды.

Шара барысында сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлердің тауарлар көрмесі ұйымдастырылып, этноауыл алаңында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті. Мерейтойға арналған бағдарламаның соңы мерекелік концертке ұласты.

Гүлдана Дәурен