«Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!». Түркістанда балаларға арналған жаңа жылдық іс-шара өтті. Мерекелік кеште ертегілер мен мультфильм кейіпкерлері балалардың көңіл-күйін көтеріп, театрландырылған қойылымдар сахналанды. Мерекелік шыршаның шамын жағып, бүлдіршіндердің қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды балаларды жаңа жылымен құттықтады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Президент шыршасына» қатысып, балаларды келе жатқан жаңа жылымен құттықтады. Мерекелік кеште арнайы сыйлықтар табысталып, балалар үшін музейге, кітапханалар мен театрларға тегін жолдамалар берілді. Сонымен қатар, аяз атамен бірге жаңа жылдық шыршаның шамын жаққан облыс әкімі бүлдіршіндер-болашағымыз екенін айтып, оларға барлық мүмкіндік жасау керек деді.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Әрбір адамзат баласы Жаңа жылдан жақсылық күтеді. Бұл – табиғи дүние. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды өткен жылғы жаңа жылмен құттықтау барысында 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде – ұрпақтың болашағына баса мән беретіндігін, жастарға зор үміт артып, жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көретінін жеткізді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді».
Мерекелік шарада әуелеген ән, мың бұралған бишілер балаларға ерекше әсер сыйлады. Ал ертегі мен мультфильм кейіпкерлері бүлдіршіндердің көңіл-күйін көтеріп, театрландырылған қойылымдар сахналады. Яғни, бұл күні барлығы балалардың жүзіндегі күлкісі үшін қызмет етті.
Айта кетейік, биыл денсаулық сақтау мекемелерінде 1602 бала арнайы оңалту емін, 3892 бала сауықтыру емін қабылдаған. Ал республикалық оңалту орталықтарында 507 балаға орын берілген. Қала сыртындағы жазғы сауықтыру лагерьлерінде әлеуметтік жағдайына байланысты 22 324 бала бюджет есебінен тегін демалды.