Қалалық мәслихат депутаты Шымкентте бэби-бокс орнатуды ұсынды. Нұрғазы Бұхарбаевтың айтуынша, бұл дүние оңтүстікте сұранысқа ие. Ал депутат бэби бокста қалған бірінші сәбиді алып кетуге дайын. Бұл тәжірибе қашан жүзеге асады және тастанды баланы асырап алуға бола ма?
Шымкентке бэби-бокс қажет. Бұл туралы қалалық мәслихат депутаты Нұрғазы Бұхарбаев мәлім етті. Оның айтуынша, бұл түсік жасатудың және балаларды көшеге тастаудың алдын алады. Медициналық мекемелерде немесе перзентханаларда бэби-боксты орнатса, әйелдер баласын жасырын түрде қалдыра алады, ал дәрігерлер мұнда түскен баланы сигнал арқылы біліп отырады. Балаға бірінші медициналық көмек көрсетіліп, содан кейін балалар үйіне жеткізіледі. Ал мәселе көтеруші депутат егер заң рұқсат етсе, бэби бокста қалған бірінші баланы асырап алуға дайын.
Нұрғазы Бұхарбаев, Шымкент қалалық мәслихат депутаты: “Мен бұл сұрақты қалалық денсаулық сақтау басқармасына жолдадым. Тәжірибе жүзінде қарасақ осыған дейін тастанды балалар болды. Әлі де кездеседі. Біз төрт-бесеуін тауып алдық. Ал біздің таппағанымыз қаншама? Қаншама жастар аборт жасатып жатыр. Біз оны білмейміз де. Бұл қоғамның ортақ мәселесі. Бэби бокс жайында заңды қарап шықтым, егер оған баласын тастап кетсе, автоматты түрде сәбиді қамқоршысы жоқ ретінде балалар үйіне тапсырады. Оны қайта асрап алуға мүмкіндік жоқ. Мүмкін бұл ескі заң шығар. Егер рұқсат берсе, отбасыммен келісіп, асырап алар едім. Себебі айтып қана қоймай, үлгі көрсете білу керек»
Депутаттың айтуынша, Шымкентке 4-5 бэби-бокс жеткілікті. Мұндай қораптарды емдеу мекемелеріне орнатуға Мәслихат бюджеті де жеткілікті. Ол бір адамның өмірін сақтап қалу – бүкіл қоғамның жеңісі екеніне сенімді. Ал заңгерлер егер анасы баласын нәресте қорабына тастап кететін болса, іс жүзінде баладан бас тартатынын айтады.
Евгений Яворский, заңгер: «Баланы қамқорлыққа алу бойынша мәселені әкім шешеді, ал маңызды сұрақтар туындасы сотпен шешіледі. Бұрын анасы табылса, ата-аналық құқығынан бас тартатынын қағаз жүзінде жазып беруі керек еді. Егер бэби-бокс қойылса, оған уақыт құртудың қажеті болмайды. Заң жүзінде бұл баланың анасы жоқ болып саналады. Бұл керек дүние, себебі балалар қоқыста қалғанша аман болғаны дұрыс»
Қазақстанда бір ғана бэби-бокс орнатылған. Ол 2020 жылы Алматы облысындағы ауруханалардың бірін қойылды. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, құрылғыға сұраныс жоқ. Оған екі жылдан бері бірде-бір бала қалдырылмаған.
Светлана Ермекқалиева, Орал қаласындағы балалар үйі директорының м.а: «Біздің басты мақсатымыз – әйелдің баласын тастап кетуіне жол бермеу. Ата-ана болуды жоспарлағанда алғашқы медициналық-санитарлық көмектен бастап, әйелді босануға дейін қалай дайындалу керектігін, баланың оларға қаншалықты қажет екенін әңгімелесе отырып дайындаймыз»
Былтыр Шымкентте екі рет тастанды бала табылды. Оның бірін студенттер ойын алаңынан тауып алған. Нәрестеге медициналық көмек көрсетілді, десе де сәби суықтап үлгерген. Анасы табылды, бірақ сәби балалар үйіне тапсырылды. Содан жарты жылдан кейін жұмысшылар қоқыс жәшігінен сәбидің өлі денесін тапты. Оны шүберекке орап, сөмкеге салып кеткен. Ол кезде де анасы табылды. Мұндай әйелдерді екі бап бойынша жауапқа тартады. Баласын қауіп қатер құшағында қалдырғаны үшін айыппұл салынады немесе түзету жұмысына тартылады. Ал баласын өлтіргені үшін 4 жылға дейін бас бостаныдығынан айырылады.