Полицейлердің анықтауынша, Түркістан қаласы көшелерінің бірінде белгісіз автокөлік жаяу жүргіншілерге арналған жолақтан өтіп бара жатқан 2 орта жастағы әйелді соғып кетіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Апат салдарынан жаяу жүргіншілер түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген, бүгінде жағдайлары орта дәрежеде.
Аталған жайтты полицейлер бірден ҚР ҚК-нің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» және 347-бабы «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша тіркелді.
Тәртіп сақшылары жол апатын жасап, оқиға орнынан жасырынған жүргізушіні ұстау мақсатында, барлық қажетті шараларды жүргізді. Оқиға орнын қарау барысында, белгісіз автокөліктің айна сынықтары, тағы басқа да дәлелдемелер алынып, соның нәтижесінде адам қаққан көліктің ақ түсті «Ваз-2106» екені анықталды.
Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде кінәлі жүргізуші 1 тәулікке жетпей тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Көлігі айыптұраққа қойылды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.