Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайды

39

Қоян жылы қазақстандықтар үшін жақсы жаңалықтарға толы болмақ. 2023 жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы өседі, зейнет жасын ұзарту тоқтатылады,

Ең төменгі жалақы қанша болады?
Қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайды. Бұған дейін оның мөлшері 60 мың теңге болған еді.
Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмысшының табысы өседі.
Ең төменгі жалақының көтерілуі, ең алдымен, айлығы төмен қызметкерлерге қатысты болады.
Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайды.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төменгі жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті.

Айлық есептік көрсеткіш

Жыл сайынғы дәстүрмен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2023 жылы 3 450 теңгеге дейін өседі.
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 3 063 теңге болды, ал 2022 жылғы 1 сәуірден 3 180 теңгені (жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер үшін) құрады.
Айта кетері, айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылады. Яғни, АЕК өссе, жәрдемақылар мен айыппұлдар да артады деген сөз.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі

Ең төменгі күнкөріс деңгейі базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін қажет.
2022 жылы оның мөлшері 36 018 теңге болса, 2023 жылдан бастап 40 567 теңгені құрайды.
Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-і кедейлік шегі деп саналады. Егер адамның табысы күнкөріс деңгейінің 70 процентінен аспаса, онда ол кедейлік шегінде өмір сүреді. 2023 жылы «кедейлік шег» бір адамға 28 397 теңгеге дейін ұлғаяды.
«Кедейлік шегінде» өмір сүретін қазақстандықтар мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.
Айта кетері, еңбек министрлігі 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін кедейлік шегін қазіргідей күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен есептеуді жоспарлап отыр.
Қазақстанда медианалық кіріс 2021 жылдың қорытындысы бойынша 54,8 мың теңге немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,5 есе жоғары болды.

Зейнет жасы көтерілмейді

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы көтерілмейді. 2028 жылға дейін әйелдер 61 жаста зейнетке шығады.
Бұл бастама президенттің тапсырмасымен іске асырылып отыр.
Еске салсақ, Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан бастап жарты жылға көтеріліп келді. 2027 жылға дейін зейнет жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетуге тиіс еді. Осылайша ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады деп жоспарланған.
Алайда соңғы жылдары зейнет жасын төмендету мәселесі қоғамда жиі қозғалды. Бұрын 58 жасында зейнеткерлікке шығып жүрген ана-апаларымыз зейнет жасын төмендетуді талап етті. Президент халық үніне құлақ асып, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде белгіленді.