10-11 сынып оқушылары бір мезетте мектепте де, колледжде де оқи алады

207

Енді диплом мен аттестатты қатар алуға болады. 2023 жылдың қыркүйек айынан бастап жүзеге асырылатын пилоттық жоба аясында 10-11 сынып оқушылары бір мезетте мектеп пен колледжде қатар оқи алады. Қос деңгейлік білім беруді экс-министр Асхат Аймағамбетов енгізген еді. Қазірше экперимент 16 мамандық бойынша әр өңірде 2 коледжде жүргізіледі. Бұл бастаманың тиімділігі неде?

 

Енді 10-11 сынып оқушылары бір мезетте мектепте де, колледжде де оқи алады. Мәселен, биыл 9 сынып оқып жатқан оқушылар келесі жылдан бастап аталған эксперименттік жобаға қатысып, бір уақытта диплом мен аттестатын бірдей алып шығады. Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыру мақсатында Шымкентте екі колледжбен келісімшарт жасалған.

 

Жанар Алтаева, Шымкент қалалық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы: «Бұл жерде мектеп, колледж, ата-ана тарапынан үш жақты келісім жасалып, ерікті түрде жүзеге асырылады. Бала егер түске дейін, мектепте білім алатын болса, түстен кейін колледжде білім алуына болады. Колледждегі білім беру 4 сағаттан артық болмауы керек. Жалпы бізде жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі менен тамақтандыру индустриясы және сервис колледждерінде осы экспериментті жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бір колледж тігіншілерді дайындаса, екіншісі аспазшыларды дайындайды. Бұлар қазіргі таңда сұранысқа ие болып отыр».

 

Екі колледжде 16 мамандық бойынша білім беру қарастырылған. Мамандықты оқушының өзі таңдайды әрі ол бюджет есебінен жүзеге асырылады. Әзірге мұндай мүмкіндікті мегаполисте 9 сынып оқып жатқан 19 мыңға жуық оқушы пайдалана алады. Егер тиімділігі дәлелденсе, болашақта жобаны жандандыру көзделген. Ал бұған қала тұрғындарының көз қарасы қалай?

Айта кетейік, әдетте оқушылар 9 сыныптан кейін мектеппен қоштасып, колледжде 2 жылдан аса уақыт оқыса, бұл жоба арқылы 1 жыл 5 айда дипломын қолына алып, бір мамандық иесі атана алады. Әрі 11 сыныпты аяқтап, аттестатқа да ие болады. Бұл, баланың бос уақытына алаңдаған ата-ана мен уақытын тиімді жұмсағысы келетін жасөспірімдер үшін қолайлы болмақ.