Оқиға 2023 жылдың 9-қаңтарында, кешкі сағат 18:20-да орын алған. «Instagram» әлеуметтік желісіндегі жарнама арқылы «Iphone 13 Pro max» ұялы телефонын сатып аламын деп, тапсырыс беріп, ақшасынан айырылды.
Әл-Фараби АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті жердің 20 жасар тұрғыны арызданған. Ол арызында, «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы «Iphone 13 Pro max» ұялы телефонын сатып алу үшін интернет дүкенге алдын ала құнын төлеп, әлі күнге дейін бренд маркалы телефонды ала алмай не қаражатын қайтара алмай жүргенін жазып көрсеткен. Келтірілген шығын көлемі – 320 000 (үш жүз жиырма мың) теңге.
Аталған жайт ҚР ҚК-тің 190-бабы 2-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жүргізілген жедел іздестіру іс-шарасы барысында күдіктінің ізін суытпай, бір тәулік ішінде Түркістан қаласының аумағынан қолға түсірді. Ол Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы – 28-де, жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Қазіргі кезде ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Заңсыз әрекетке оңай жолмен ақша табу мақсатында барғанын және бұл үшін өкінетінін жеткізді.
Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осы тектес жайттарға қатыстылығын анықтауда. Тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.