Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың басым бөлігі ерлер

46
фото Жәрдем.кз

2022 жылдың үшінші тоқсанында 16-64 жас аралығындағы интернетті пайдаланушы әрбір адам әлеуметтік желіде күніне орта есеппен 2 сағат 28 минут жұмсаған. Бұл 2021 жылдағы көрсеткіштен 1 минутқа көп. Ал, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың 54%-ы ерлер,  деген нәтиже жариялады әлеуметтік желіғ пайдаланушылар ranking.kz сайты.

Танымал желілер тізімі

Халық арасында кең тараған ең алғашқы әлеуметтік желі — Classmates.com 1995 жылы пайда болды. Әлеуметтік желіні іске қосудың серпінді кезеңі 2003-2004 жылдар деп есептеледі (LinkedIn, MySpace және Facebook пайда болған уақыт).

Орыс тілді сегментте негізгі әлеуметтік желілер — Одноклассники және ВКонтакте 2006 жылдан бері танымал бола бастады.

Facebook — 2,9 млрд қолданушысы бар әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі. Одан кейін 2,5 млрд және 2 млрд қолданушылары бар Youtube және WhatsApp. Үздік бестікке Instagram (1,4 млрд пайдаланушы) және WeChat (1,3 млрд пайдаланушы) кірді. Сондай-ақ, TikTok, Facebook Messenger, Telegram, қытайлық Douyin, Kuaishou, Sina Weibo және басқалары ең танымалдардың тізімінде.

Сонымен қатар, ең сүйікті желі ретінде қолданушылар Марк Цукерберг пен оның командасының Meta-ға қарасты WhatsApp желісін таңдады – 16,1%. Екінші орында Facebook әлеуметтік желісі – 14,6%, ал тағы бір Meta өнімі Instagram үшінші орында, ол Facebook желісінен небәрі 0,1 пайыз ұтылды (14,5%).

Пайдаланушылар саны

Datareportal.com мәліметінше, 2022 жылдың үшінші тоқсанында әлемде әлеуметтік желі қолданушылардың саны 4,74 млрд болды, бұл тоқсанда – 0,7% және бір жыл ішінде 4,2% өскен. Бұл – жер бетіндегі барлық адамдардың 59,3%-ы әлеуметтік желілерді пайдаланушылар деген сөз. Ал егер, 13 және одан жоғары жастағы адамдарды есептесек, онда тіпті – 75,9%, яғни төрттен үш бөлігі болады.

Тағы бір дерек: интернеті бар адамдардың 93,4%-ы әлеуметтік желілерді пайдаланады. Негізінде, бұл дегеніміз, егер пайдаланушыда интернет болса, демек оның әлеуметтік желіде де аккаунты бар деген сөз.

Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың басым бөлігі ерлер – 54%, қалғаны әйелдер.