Халықаралық валюта қорының миссиясы Қазақстандағы екі апталық жұмысын бастады.
«Техникалық көмек шеңберінде шетелдік сарапшылар бюджет-салық саласының ашықтық деңгейін бағалайды. Атап айтқанда, бюджеттік есептілікті, салық-бюджеттік болжамдарды және бюджетті қалыптастыру, бюджеттік тәуекелдерді талдау мен басқаруды, сондай-ақ табиғи ресурстардан түсетін түсімдерді басқаруды зерделеу жоспарлануда», — деп жазылған ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында.
Бүгін ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Халықаралық валюта қорының бюджеттік мәселелер жөніндегі департаментінің аға экономисі — миссия басшысы Саже Де Клеркпен кездесті.
Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, Ұлттық банктің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, Жоғары аудиторлық палатаның, Экономикалық зерттеулер институтының және ХВҚ өкілдері қатысты.
Ұлттық экономика вице-министрі Әмрин атап өткендей, ХВҚ-ның бағалау қорытындылары бойынша ұсынымдары бюджет-салық саясатын одан әрі жетілдіру шеңберінде, оның ішінде жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу кезінде пайдаланылады.
Халықаралық валюта қорының миссиясы 6 ақпанға дейін жалғасады.
ХВҚ сарапшылары сенат депутаттарымен, орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізеді.