Премьер-министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысында инвестиция тарту бойынша жоспарды орындамаған өңір әкімдерін сынады.
Жиын барысында инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдері премьерден сөз естіді.
«Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысады. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8%-ды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестиция деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-дан жоғары болуы керек дегенді білдіреді», — деді Смайылов.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,1 трлн теңгені (жылдық жоспардың 94,2%-ы) құраған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артық.
Өңірлер арасында Ұлытау (75,6%), Атырау (84,2%) және Жамбыл (86,5%) облыстары аутсайдер болып отыр. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсімдерінің созылып кетуі, қажетті инфрақұрылымның дайын болмауы, сондай-ақ геосаяси ахуалдың күрделенуі.
Премьер-министр Ұлытау облысында құны 27,1 млрд теңге болатын бес ірі жоба іске аспай қалғанын атап өтті.
«Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 млрд теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қаматамыз етуі қажет еді», — деді Смайылов.