Абай ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында бейтаныс азаматша келіп, мемлекет тарапынан 5 000 000 (бес миллион) теңге алып беремін деп, сеніміне кіргенін, осылайша алаяқтық жолмен алдын ала 2 460 000 (екі миллион төрт жүз алпыс мың) теңге алып кеткенін көрсеткен.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-тің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеуге алды.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде күдіктінің ізін суытпай тәулік ішінде қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Жоғары білімді, уақытша жұмыссыз. Бұрын-соңды сотты болмаған.
Тергеу кезінде ұсталған азаматша ойланбай жасаған әрекетінің соңы қылмыстық жазамен аяқталатынын білмегендігін алға тартып, бұл үшін өкінетінін жеткізді. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.
Егер, Сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» арнасына хабарласыңыз. Сіздің берген ақпаратыңыз, қылмыстың тез арада ашылуына өз септігін тигізетінін ескеріңіз.