Елде 1 қаңтардан бастап банкроттық туралы заң жобасы қабылданды. 60 күннен кейін күшіне енетін жобаға наурыз айынан бастап өтініш қабылданады. Өтініш берушілерге бірнеше талаптар пен шектеулер қойылған. Мұның тиімділігі қандай? Қайда барып өтініш қалдыру қажет?
Несие мәселесі қазақстандықтар үшін ең актуалды тақырыптардың бірі. Себебі көптеген азаматтар берешегін өтей алмай жүр. Мәселен, көпбалалы ана Сәуле Елібаеваның атында қазір миллионнан аса несиесі бар. Тіпті, балаларым да қарызға белшесінен батып қалған дейді. Мұндай күнкөрістен қажыған ол банкроттық жобасына өтініш беруді жоспарлап отыр. Айтуынша, жұрт қымбатшылық қысқан заманда өлместің күнін кешіп, амалдың жоқтығынан несиеге жүгінеді. Сол себепті мемлекет тарапынан көмек болуы тиіс деп есептейді.
Сәуле Елібаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бала-шағамда да бар. Төлей алмай жатыр көбісі. Қиналып жатыр. Бірақ ешқандай жеңілдік жоқ. Мысалы мен осы айда несиені төлемесем, келесі айда көбейеді ол. Соған бола тырысып, жан-жақтан қарыз алады, басқа банктен кредит алады. Сөйтіп төлеп жатыр. Мысалы қазір әр адам басында 3-4 кредиттен бар. Қиын негізі. Бірақ, оны алмайын десең, барлық нәрсе ақшаға тіреледі».
Азаматтар банкроттық бойынша Егов порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мемлекеттік кірістер басқармасына келу тәртібі арқылы наурыз айынан бастап өтініш бере алады. Өтініш беру үшін тек жеке куәлігін алып барса болғаны. Алайда өзін «банкрот» деп жариялаған тұлғаларға 5 жыл несие берілмейді және 3 жыл бойы атына тіркелген мүлікке бақылау жүргізіліп отырады. Сондай-ақ өтініш қалдыру үшін арнайы талаптарға сай болу қажет.
Қадыржан Панбаев, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: «Аталған рәсім үш бағытта жүргізіледі. Соттан тыс банкроттық, азаматтардың төлем қабылеттігін қалпына келтіру. Мелекеттік кірістер органдарымен жүзеге асырылатын соттан тыс банкротттық бойынша өзін «банкрот» деп есептеген жеке тұлға ЕКБ-де микроқаржыұйымдарында және коллекторлық агентіктердің алдында 5,5 млн теңгеден аспайтын берешегі болған жағдайда өтініш бере алады».
Бұл жобаны қолдап, «кредит кешірілсін» деп ұрандатқан азаматтар көп. Бірақ, Шымкент қаласы тұрғындарының арасында «әркім өз несиесін төлеуге міндетті» деген тұрғындар да баршылық екен. Олар мемлекетке алақан жаю дұрыс емес деп санайды.
Не десек те, өзін «банкрот» деп жариялауға өтініш беру немесе бермеу әркімнің өз таңдауы. Ал аталған жобаға қатысудың алғашқы шарты қарызы 5,5 млн теңгеден аспауы қажет болса, екінші шарты өтініш беруші тұлғаның атында жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Сондай-ақ жауаптылардың айтуынша бұл жобаға АӘК алатын отбасылар да қатыса алады.