Партия өкілдері есеп берді

145

AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалында баспасөз брифингі өтті. Экс — депутат, фракция жетекшісінің орынбасары Жадыра Таңатарова, партияның республикалық Саяси кеңес мүшесі ретінде атқарған жұмыстар туралы есеп берді.

2021 жылы сайлаудан кейін «Аманат» партиясының фракция мүшелері Шымкент қаласының мәслихатындағы 30 мандаттың 24 орнын иеленіп, аса басымдықпен депутаттық корпусты қалыптастырған болатын. Қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын жүзеге асыруда фракция мүшелері жүйелі түрде жұмыс істеді

Жадыра Таңатарова, AMANAT партиясы фракция жетекшісінің орынбасары: «Қаланың демографиялық өсімі жоғары болғандықтан үш ауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында екі жыл қорытындысымен 35 мыңнан астам орынмен 68 мектеп салынып, үш ауысымды 19 мектептің санын 4 мектепке дейін төмендеттік. Бұл мәселе 2023 жылдың қорытындысымен толықтай шешімін табатын болады. Қаладағы барлық мектептердің әжетханалары 100 пайыз ішіне орнатылды. Аз қамтылған отбасылардың балалары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылды. Барлық мектептерде 100 пайыз турникеттер мен бейне камералар орнатылды».

Есепті мерзімде медицина саласында 8 медициналық мекеме салынып, 18 мекеменің материалдық техникалық базасы жаңартылды. Симмуляциялық орталық іске қосылып, 1,5 мыңға жуық медицина өкілдері біліктілігін арттырды. «Ана мен бала» орталығы, №1 және №2 емханалары күрделі жөндеуден өтті. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған түзету орталықтарының жұмысы күшейтіліп, «Тең қоғам» оңалту орталығы ашылды. Ардагерлерге арналған 3 «Белсенді өмір сапасын ұзарту» орталықтары қолданысқа берілді. Алайда, халықтың үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асыруда шымкенттік зейнеткерлердің өтініші ескерусіз қалған сияқты.

Әнәпия Сейтімбетова, зейнеткер: «Зейнеткерлерге 50 пайыздық жеңілдік жасаса жақсы болатын еді».

Естеріңізге сала кетейік, «ҚР халқының осал топтарын әлеуметтік қолдау туралы» Заңына сәйкес зейнеткерлер жеңілдіктердің толық спектріне құқығы бар адамдар тобына жатады. Зейнеткерлер 75 жасқа дейін қоғамдық көлікте жол кіренің 50 пайызын төлесе, 75 жастан кейін тегін жүруге құқылы.

Жадыра Таңатарова, AMANAT партиясы фракция жетекшісінің орынбасары: «Бақылауға аламыз жұмыс жасаймыз, фракция мүшелері  қаланың шетіндегі шалғайдағы тұрғындармен кездесіп бес жылдық бағдарламаға енбей қалмаған мәселелерді анықтап жатыр осы мәселені  міндетті түрде қосамыз».

Халықтың әлеуетін арттыру бағатында да жұмыстар кезеңімен жүзеге асуда дейді фракциядағылар. Шалғайдағы елді мекендерді дамытуда инфрақұрылым саласында «Бозарық», «Ақжар», «1-М-1» подстанциялары, «АГРС-3» нысаны іске қосылды. Екі жыл ішінде таза ауыз сумен қамту 98 пайызға, кәріз жүйесімен қамту 60 пайызға, көгілдір отынмен қамтамасыз ету 94,7 пайызға, сапалы электр энергиясымен қамту 98 пайызға, жақсы және қанағаттанарлық жолдың үлесі 67,4 пайызға жетіпті.