Пиязды экспорттауға үш айға тыйым салынды

89
Пиязды арзан бағамен алғысы келген халық қабымен алып жатты

Премьер-министр орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин пиязды экспорттауға неге үш айға тыйым салынғанын түсіндірді.

Оның айтуынша, елімізде 150 мың тонна пияз қалған. Бұл сәуір айына дейін жететін көлем.»Бүгінде пиязға сұраныстың қатты өсуіне, ең алдымен, күннің суытуы себеп болды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты пияз тұрақты өсірілген елдерде қазір бұл өнім жоқ. Бұл Өзбекстан, Пәкістан, Ресей. Мәскеуде қазір пияз бағасы 500 теңгеге, Өзбекстанда 350 теңгеге жетеді. Ал бізде, өздеріңіз білесіздер, баға көтерілді, кей жерлерде 170 теңгеден сатылып жатыр», — деді Жұманғарин үкімет кулуарында.
Айтуынша, елімізде пияз тапшылығына жол бермеу үшін сыртқы сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия пияз экспортын үш айға тыйым салған.

«Жалпы бізге айына 30 мың тонна пияз қажет. Сонда үш айда 90 мың тонна. Бірақ, практика көрсеткендей, біз осы аралықта пияздың қалай шығарылғанын анықтай алмаймыз. Өнім Қазақстаннан «сұр» схема бойынша әкетіліп жатыр деген күдік бар. Мен шекара қызметі, мемлекеттік кірістер комитетінің басшыларымен тікелей сөйлестім. Қазір қазақстандық тұтынушыларды пиязбен тұрақты қамтамасыз ету үшін осы жағдайды бақылауға аламыз», — деді вице-премьер.

Сондай-ақ ол Қазақстан басқа елдермен ерте піскен пиязға келісімшарт бекіткенін мәлімдеді. Алғашқы шарттардың бірі Тәжікстанмен жасалған. Бұл елден 8 мың тонна өнім жеткізіледі. Ерте піскен пиязды жеткізу схемасына ірі сауда желілері – Magnum, Small және «Анвар» қатысады.