«Бес күн бұрын сап-сау болатын». Шымкентте әскери бөлімде борышын өтеп жүріп жындыханадан бір-ақ шыққан сарбазға қатысты қызметтік тексеру басталды. 35748 артиллериялық дивизионының жауынгері 20 жасар Самрат Тыныштықбайдың туыстары жас жігіттің мұндай халге түсуіне себеп әскердегі әлімжеттік болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Әскерге келіп, психикалық ауруханадан бір-ақ шыққан сарбаздың оқиғасына байланысты тексеру басталды. Қазір әскери полиция тарапынан оқиға орын алған бөлімге ҚР Қылмыстық-процестік кодексiнің 181 бабы негізінде қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр.
«Тексеру ҚР ҚПК 181 бабының 5 бөлігіне сәйкес жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ҚР Бас Прокурорының 2014 жылы бекітілген 14 бұйрығының 14 тармағы 2 тармақшасына сәйкес, «Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылығы әскерлер қолбасшысына қызметтік тексеру жүргізу үшін жолданды»
— Шымкент гарнизоны әскери полиция бөлімі.
Сарбаздың жақындарының айтуынша осыдан 1 апта бұрын Самраттың жағдайы жақсы болған. Олар сау баланың жындыханадан бір-ақ шығуын әскердегі әлімжеттіктің кесірінен болуы мүмкін дейді.
Салтанат Тыныштықбай, сарбаздың апкесі: «Күдігіміз ұрған болуы керек та, әйтпесе 2 күнде ол бүйтіп жынды адам құсап қалмайды ғой. Жынды адам сияқты боп қалған. Оны қорқытып, үркітіп ұрып соғып соны білдірмейтін ғып. Жаңа біреу айтады, психотропты нәрсе салып жіберуі де мүмкін деп. Сап-сау баланы 2 күннің ішінде психикалық ауруханаға жатқызып тұр. Не деген оңбаған адамдар екенін білмеймін».
Ал 35748 әскери бөліміндегілер болса, сарбаздың таңғы сап түзеу кезінде оғаш қылықтар жасай бастағанын байқаған. Ол қатарластарына әмір беріп, жауапты мамандарға бой ұсынбаған соң медициналық мекемеге жіберген көрінеді.
Әділет Кенжебеков, 35748 әскери бөлімі артиллериялық дивизионының командирі: «Балаларға өзінен өзі басқа тұрып, үндемей сапта тұрады да бірақ сөйлеп тұрады бірдеңе деп. Мысалы сапқа тұрыңдар деп айқайлайды да өзімен өзі. Сосын өлең айтады. Бәріміз бір сапта тұрғаннан кейін белгіленген тәртіп бар. Ол тәртіпке бағынамыз. Ол тәртіпке бағынбай, солай бір теріс қылықтар жасады».
20 жастағы Самратты Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының мамандары тексеріп жатыр. Олар сарбаздың психикасы бұзылғанын байқаған. Десе де әлі нақты диагноз қойып үлгермепті.
Сухраб Әбдіқадыров, Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының бөлім маманы: «Келіп түскен кезде психиканың бұзылыстары байқалды. Қазіргі таңда науқас емделуге жатқызылды. Қазіргі таңда әлі диагнозы қойылған жоқ. Ол бала тексерілуде. 10 күннің ішінде диагноз қойылады».
Сарбаз Самрат Тыныштықбай әлі 1 ай ауруханада емделуі тиіс. Ал 20 жасар ұлдарын есінен тандырған әскери бөлімдегілер екеніне сенімді туыстары болса, бұл іспен әскери прокуратура жіті айналысып, мәселенің ақ қарасын анықтап беруін талап етіп отыр.