”Қаланы қар басты”: Қардан тазарту жұмысына 200-ге жуық техника жұмылдырылды

35

Үшінші мегаполисте толассыз қар жауып, табиғаттың тосын мінезі қала халқын біраз әбігерге салды. Мәселен, таңнан бері бірнеше қоғамдық көлік пен жеңіл автокөліктер жол жиегіне шығып кетіп, апатқа ұшыраған. Ал сағаттап тоқтаусыз жауған қар, қаланы ақ ұлпадан тазарту жұмыстарына дес бермей, жолдарды қайта жауып қалып жатты.

 

Шымкенттіктерді әбігерге салған ақ ұлпа 30 сағат толассыз жауды. Қар басталған сәттен бастап арнайы техникалар мен жұмысшы топ іске қосылды. Түні бойы көлік жолдарын тазаласа, таңғы алтыдан бастап, жаяу жүргіншілер жолын тазартуға кірісті. Жалпы қалада 162 техника жұмыс істеді. Оның ішінде, «Build Stroi» ЖШС бойынша 3 ауданда 98 техника, «Жасыл жер» ЖШС бойынша 2 ауданда 64 техника жұмылдырылған.

Сондай-ақ, аулалар мен аяқжолдардың қарын күреуге 1140 жұмыс күші, қосымша жүк көліктері мен жүк тиегіштер тартылды. Әл-Фараби ауданы аумағында басты және ішкі орамдық көшелерде қар күреу жұмысы 5 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.

Механикалық тазалау жұмыстарына 42 арнайы техника және 185 жұмысшы күші жұмылдырылды. Ал Еңбекші ауданында орталық 83 көшедегі қарды күреу, тазалау жұмыстарына 24 арнайы техника, 253 жұмысшы ұйымдастырылды.

 Бақытгүл Елеусіз, коммуналдық қызметкер: «6 мен 2 аралығында жұмыс істейміз. 1 сағат демалыс. Қалған уақытта жұмыстамыз. Адам көп шоғырларған жолдардан бастап тазалап жатырмыз»

Алайда таңертең жұмысына жете алмай сабылған халықтың өз айтары бар.

“Қар тазалап жатқан машиналарды көрдіңіз бе?»

«Иә көрдім. Бірақ барлық жерде емес”.

“Жоқ көрмедім. Мына жақты енді тазалап жатыр. Ал машинаны көрген жоқпын. Жұмысшылардың тазалағанын көрдім”-деді қала тұрғыны.

 Ал жауапты мамандар қарды тазалауға бар күштерін салып жатқанын айтады. Коммуналдық қызметкерлер түнімен көлік жолдарды тазартуға баса назар аударған. Дегенмен толассыз жауған қар жолды қайта жауып қалған.

Мұхтар Төлеуіш, Әл-Фараби ауданы ӘА қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы: «9 күні түстен кейін қар жауып бастады. Толассыз жауған қарды 3 смен тазалап жатыр. Инертті материалдарды септі. Қазір 3 смен қайта тазартуға шықты. Халық азанда ерте жұмысқа баратыны белгілі сондықтан аяқжолдарды тазартып жатырмыз»

Айта кетейік мегаполисті қардан тазарту жұмыстарына қала бойынша мыңнан аса жұмысшы күші тартылды. Шаһардағы 5 аудан жеке-жеке арнайы қар тазалау техникаларын шығарып, инертті мателиалдар себумен айналысып жатыр.