Қажылыққа апарамыз деп қаржысын алған…

126

Шымкентте бір топ азамат қажылыққа алып баруға уәде беріп, қаржысын алған туристік агенттік өкілдерін таппай жүр. Сан соғып қалдық деген азаматтар 12 қаңтардан бері не сапарға шыға алмай, не ақшасын қайтара алмаған. Қажылық сапарын өтеуге ниеттенгендердің ішінде тек Шымкент, Түркістан облысының тұрғындары ғана емес, Орал, Атырау қаласынан келгендер де бар.

Бұл кіші қажылыққа сапарға шығамыз деп ниеттеніп, сан соғып қалған азаматтардың жанайқайы! Олар өткен жылдың күзінде «Kausar Travel» туристік агенттігі арқылы қасиетті сапарға ниеттеніп, құны 1000 доллар тұратын жолдаманы сатып алған. 12 қаңтар күні ұшып кетуі керек болған бұл топтың қажылық сапары түрлі сылтаумен бірнеше рет кейінге шегерілген.

Қалдықыз Шекербек, Шымкент қаласының тұрғыны: «13 күні, негізі қазанда алынған жолдама Мекке-Мединаға. Анам мен әпкем ұшу керек еді. Екеуі де ұша алмай отыр. 13 күні ұшады деді ұшпады, 14 ұшады деді, 17 ұшады деді. Екеуінің де қазір қант диабеті көтеріліп отыр, мен медикпін, өзім өлшедім, білем. Маған 1000 доллар үстіне 2000 доллар қылып моральдық шығын компенсация төлесін! Төлемейді ма, мен көрсетем! Кеше біліп жатырмыз, аэропортқа барып біліп жатырмыз. Бронь да жоқ, виза да жоқ, тас та жоқ, бақа да жоқ!».

Егер киелі сапарды ұйымдастырып бере алмаса, қаржымызды қайтарсын деген жандар «Kausar Travel» агенттігінің кеңсесіне келді. Алайда, онда мекеме басшылығы тұрмақ, бірді-бір қызметкер. не жұмыс техникасы жоқ болып шықты. Ал қажылығын өтейміз деп Шымкентте арнайы келгендердің қатарында тек жақын өңірдің ғана емес Атырау, Орал, Қарағанды облыстарының да тұрғындары бар. Сапарға ниеттенгендердің бұл бірінші рет жиналуы емес. Қазір олардың барлығы Шымкентте өз қаражатына күнелтіп, мекеме өкілдерінің жауабын күтіп жатыр.

Карим Сүлейменов, Орал қаласының тұрғыны: «Оралдан 11-і күні түстім, содан бері жатырмын. Бастапқы күні 12 болған, кейін 13-і, 14, деді, оны шегерді, одан кейін 16-нан 17 деді, оны да шегерді. Одан кейін 17 сағат түнгі 1-де ұшамыз деді, одан кейін 5-те деді. Ол да болмай қалды. Содан әлі жүрміз. Енді басшылар да ешкім жоқ мында».

Жиналғандардың сөзінше, агенттік өкілдері соңғы рет «бүгін Алматыдан кіші қажылыққа ұшасыздар» деп уәде берген екен. Ал егер баруды қаламаса, ақшаны қайтарып беруге сөз берген. Аязды күні көлікпен шығуға қауіптенген соң, тек жарты құрам жолға аттаныпты. Алайда, Шымкентте қалғандарға қаржы қайтарылмаған, ал Алматыдағылар әлі сапарға шыға алмай, сенделіп жүрген көрінеді.

Гүлбарам Шекербекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұлардың сөздері Алланың атын жамылып алады екен, хақ, Инша Алла дейді, бірақ ешқандай ісі мен сөздері сәйкес келмейді. Алған сертификатқа сай самолетке орын алынбаған, виза жасалмаған, ол жақта қонақ үйге бронь жасалмаған».

Кіші қажылығын өтеуге ниеттенгендер мекемеге тиесілі ғимаратқа тәртіп сақшыларын шақырып өз арызын да жазды. Ал «Kausar Travel»» туристік агенттігініңі өкілдеріне хабарласу мүмкін болмады. Жиналғандардың сөзінше, мекеме басшысы қазір Медина қаласында жүрген көрінеді. Ал бұл оқиғаға қатысты қалалық полиция департаменті былай дейді.

Ерлан Ирбаев, Шымкент қаласы полиция департаменті Еңбекші АПБ тергеу бөлімінің бастығы: «Аталған арыз бойынша саралау талдау ждүргізіліп, түпкілікті процессуалды шешім қабылданатын болады. Қазіргі таңда Еңбекші полиция басқармасына арызданғандар саны 17 болып тұр. Одан көп болса да қабылдап арыздарын, ол бойынша нақты процесуалды шешім қабылданатын болады. Арыз қабылданғаннан кейін 24 сағат ішінде шешім қабылданатын болады».

Жиналғандар ұзақ уақыт күтіп, ниеттенген киелі сапарға шыға алмағандарына қапалы. Енді тым болмаса қаржы қайтарылса, басқа агенттік арқылы ұшар едік дейді олар. Ал егер мекеме жауапкершіліктен бас тартса, сотқа беруден тайсалмаймыз деп отыр.