19 наурызда Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы саяси шараға дайындықты бастап кетті. Мәжіліске 98 депутаттың 69-ы партиялық тізіммен, ал 29 депутат бір мандатты аумақтық округ бойынша сайланады.
Енді мәслихат депутаттарын сайлауда әкімнің квотасы деген болмайды. Кезекті науқанға дайындыққа қызу кіріскен аумақтық комиссия, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізуде күнтізбелік жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр.
Республикалық маңыздағы мегаполисте қалалық мәслихатқа 32 депутаттың жартысы партиялық тізіммен сайланса, қалғаны бір мандатты аумақтық округ бойынша сайланады. Кандидаттарды тіркеу 20-шы қаңтарда басталып 18-ші ақпанда аяқталады.
Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауына түсетін кандидаттар 1 млн 50 мың теңге сайлау жарнасын төлейді. Ал мәслихат депутаттығына кандидаттар үшін жарна 350 мың теңгені құрайды
Қазақстан бойынша 223 мәслихатқа 3415 мандат ұсынылады. Мәслихат кандидаттарына қойылатын талап ҚР азаматы болуы тиіс, жасы 20 -дан кем емес. Шымкент қалалық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша 19-шы наурызда өтетін сайлауда шаһарда 638 631 азамат өз таңдауын жасауы тиіс.