Шетелдіктен героин мен психотроптық заттар тәркіленді

39

Түркістан облысының полицейлері Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметімен бірлесіп, есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың жолын кесу бойынша жедел іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Мәселен Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына ҚР ҰҚК Шекара қызметінен есірткі тасымалдау дерегі бойынша хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Сарыағаш АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері бірден шықты.
Анықталғандай, «Жібек жолы» өткізу пунктінде қызметтік итті пайдаланған шекаралық наряд Өзбекстан азаматын ұстаған. Яғни шекарадан өтіп бара жатқан шетелдікке, «Минти» атты қызметтік ит белгі берген. Тексеру кезінде азамат киімінің қалтасында шамамен 2 грамм болатын «жылдамдық» есірткі заты бар екенін мойындайды.
Ал тінту жүргізген полиция қызметкерлері күдіктінің сырт киімінің қалтасынан ішінде есірткіге ұқсас заты бар екі пакетті тапты. Алынған заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Зерттеу қорытындысына сәйкес пакеттің бірінде салмағы 0,2 грамнан асатын «пиролидиновалерофенон» психотроптық заты бар екендігі анықталды. Ал келесісінде салмағы шамамен 0,04 грамм болатын героин екені расталды.
Қазіргі уақытта осы жайт бойынша ҚР ҚК-нің 286-бабының 2-бөлігі «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.