Шымкентте әлемдік стандартқа сай орталық ашылды

27

Шымкентте сапасы әлемдік стандартқа сай жаңа үстел теннисі орталығы ашылды. Құрылысы 2021 жылы басталған нысанның ашылу салтанаты байрақты бәсекеге ұласты. Жарыста Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан елдері мен Қазақстанның барлық облысынан келген спортшылар бақ сынап жатыр.

Шымкентте әлемдік стандартқа сай алғашқы үстел теннисі орталығы ашылды. Жаңа нысанның ашылу салтанатында қала әкімі, Азия чемпионы Сарвиназ Миркадировамен бірге үстел теннисін ойнады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Шымкентте мұндай жаттығатын орын болмаған. Енді міне әлемдік стандартқа сай орталық болып салынды. Осы спорт түрін дамыту үшін қосымша жергілікті бюджеттен 100 млн. теңге бөлетін боламыз. Осында балалар мектеп ретінде беріледі. Ал болашақта дамуына қараймыз».

Орталықтың ашылуына орай қалада халықаралық «Shymkent cup» ашық турнирі басталды. Жарыста Ресей, Өзбестан, Қырғызстан, Әзірбайжан елдері мен еліміздің барлық өңірінен келген 230 спортшы бақ сынайды. Турнир ұйымдастырушылары бұл алғашқы бастама, қаламыздағы үстел теннисінің дамуына серпін береді дейді.

Бекұлан Жамал, Шымкент қалалық үстел теннисі федерациясының вице-президенті: «Бұл Шымкент пен Түркістан облысындағы ең үлкен орталық. 1960 м3 жерге орналасқан. Қазір ТТС деген жаңа клуб ашып жатырмыз. Бұл оңтүстік өңірдегі ең үлкен клуб болып есептеледі. Бізде 9 жаттықтырушы бар олар 2 топқа бөліп спортшыларды жаттықтырады. Біздің зал барлық стандартқа сай жасақталды»

Бұл орталықтың құрылысы 2021 жылы басталды. Жоба құны 1,2 млрд теңгені құрайды. Ел игілігіне берілген жаңа нысан инвесторлар есебінен салынған.

Серікжан Сейітжанов, кәсіпкер: «Бүгінгі таңда халықаралық деңгейдегі жарыс басталып кетті. Бұдан келешек жастардың спортқа деген талпынысы осы спорт арқылы келеді. Міне жақсы бастама болды. Мұның келешегі зор».


Шымкентте тұңғыш рет ұйымдастырылған сайыс қаңтардың 26 мен 29 аралығында өтеді. Байрақты бәсекенің жүлде қоры 5 млн 700 мың теңгені құрайды.