Шымкентте ажырасушылар саны артқан

114

Шымкенттіктер бүгінде ажырасу үшін сотқа жиі жүгінетін болған. Олар көбіне ортақ мүлкі мен балаларының кімде қалатынын талқыға салады. Бұл туралы қалалық сот алқасы мәлімдеді. Десе де ажырасу үшін ғаламторды пайдаланушылар саны азайған. Оған қоса неке қидыруға өтініш тастаушылар көрсеткіші де төмен. Оның себебін психологтар тұрғындардың жанжалды шешуге қауқарсыздығымен байланыстырады.

Шымкентте ажырасу фактісі жиіледі. Бұл туралы қалалық азаматтық істер жөніндегі сот алқасы мәлімдеді. Тұрғындар судьяның қызметіне мүлкін бөлу немесе ажырасу кезінде балаларының кімде қалатынын анықтау үшін жүгінеді. Бұл ерлі-зайыптылардың кем дегенде бірнеше жылдық некеден кейін ажырасуға бел байлағанын білдіреді.

Мұхтар Пәрменов, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы: «Неке және отбасына байланысты туындайтын даулар 695-ке немесе 10,2 пайызға артқан. Отбасылық дау бойынша барлығы 6800 іс тіркелді. Оның ішінде 4000-нан астамы немесе 70 пайызы некесін бұзған. Өкінішке орай бізде неке бұзу бойынша көрсеткіш азаймай тұр»

Алайда мегаполисте сотқа жүгінбей-ақ ажырасқандар саны 3 пайызға азайған. Бұл неке бұзудың ең оңай жолы. Ол үшін электонды үкімет порталында өтініш қалдырса, қалған процесс онлайн режимде жүзеге асады.

Салтанат Имашева, Шымкент қалалық статистика департаментінің бас маманы: «2021 жылдың қаңтар-қараша айларында ажырасу саны 667-ні құраса, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында 647 жұп некесін бұзған. Біздің қаламыз неке қию бойынша елімізде 7 орында, ал ажырасу бойынша 10- орында тұр»

Ал Шымкентте отбасын құруға өтініш тастаушылар саны азайған. Өткен жылы 6600-ден астам жұп неке қидырды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға аз. Психологтардың айтуынша, отбасында зорлық-зомбылық орын алмаса, некені сақтап қалуға болады. Ол үшін арнайы мамандарға жүгінген жөн. Сонымен қатар мамандар медиация қызметін күшейтіп, психологтарды да іске қосу керектігін айтады.

Герман Владимиров, психолог: «Менің ойымша мектептерге конфликтологияны енгізетін уақыт келді. Бұл тақырып өте өзекті әрі мәңгілік тақырып. Егер адамдар өз-өзімен жұмыс істеуді қолға алса, жанжалдың мәнін түсініп, оны шешу жолдарын іздейді. Ондай сәтте отбасын сақтап қалу мүмкіндігі ұлғаяды»

Мамандар жастарды отбасы институтынан өткізу керектігін айтады. Өйткені, ажырасу әрқашан оңай, ал оны талқылап, шешу қашан да қиын. Айта кетейік, Қазақстан бойынша 2022 жылы 118 мыңнан аса жұп шаңырақ көтерді. Ал 2021 жылы 129 мың азамат некесін қидырған еді. Ажырасуға келсек өткен жылы 16 мың тұрғын некесін бұзды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2000-ға аз.