Шымкентте көпбалалы ана бір күнде баспанасынан айырылып қалды. Назира Дүйсенбаеваның жалдап отырған үйі өртеніп кетті. Алты баланың анасы үйдегі аздаған дүние-мүліктің сау-тамтығы қалмағанын айтады.
Шымкентте 6 перзентімен жалдамалы үйде күнелтіп отырған көпбалалы жалғызбасты ана қақаған қыстың саршұнақ аязында баспанасыз қалды. Үйі өртке оранған сәтте балаларын өзі құтқарып қалған Назира Дүйсенбаева ол күнді қорқынышпен еске алады. Сағат таңғы 6 шамасында үйдің үлкен ұлы анасын оятыпты. 35 жастағы жалғызбасты ана түнгі 12 мен 1-дің арасында далаға шыққанда өрттің белгісі байқалмаған еді дейді.
«Бұл өрт — мына құбырға мына тақтай тиіп тұрған екен, содан өртеніп-өртеніп, тура мына жерден тесік болған. Содан мына жерге түскен, мынаның жартысы жанған, мына жерде үлкен балам жатқан, сол үлкен баламның бетіне түскен. Не түскенін білмеймін, оянған ғой. Ал мына жерде төртеуі жатқан, ал кішкентай балам арғы жақта өзіммен жатқан. Балалрдың барлығын орап, көршімнің үйіне апардым. Сонымен 7-ге 10 минут қалғанда 101-ге звондадым, 7-ден 10 кеткенде өрт сөндірушілер келіп, көмектерін көрсетті. Мен ойлағам ғой мына кішкентай ғана жер екен деп, сөйтсем мына жақтан жайлап-жайлап басталып, осы жерден шыққан екен» —дейді Назира Дүйсебаева.
Назираның 6 баласы бар, оның төртеуі мектепке барады. Күйеуі көпбалалы ананы бірнеше жыл бұрын тастап кеткен екен. Ал 5 жасар қызы өздігінен жүріп-тұра алмайды. Мүгедек перзентінің қасынан алыстай алмайтын ана еш жерде жұмыс істемейді, тек 6 баласына алатын жәрдемақы мен қызына берілетін әлеуметтік көмекпен күнелтеді. Сөзінше, 2021 жылы көпбалалы ана ретінде үй кезегіне тұрыпты. Бірақ кезекпен берілетін баспананы әлі біраз күту керек.
Назира Дүйсебаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Шамалары келгенше барлығы киім, азық түлік алып келіп беріп жатыр. Рахмет бәріне Әйтеуір бүкіл Шымкент, Қазақстан көріпті, рақмет бүкіл Қазақстанға, алғысым шексіз!».
Назира 2 күн ішінде қол ұшын созғысы келіп хабарласқандардың көп екенін айтады. Тіпті 1 тәуліктен астам уақыт ішінде 10 млн. теңгеге жуық қаржы жиналған. Алайда, жұрт басына түскен нәубетті пайдаланғысы келгендер де бар болып шықты.
Ақмарал Сатыбалдиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Назира балалардың барлығын орап алған, үйдің терезесін тақылдатты. Басында қорқып кеттік, үйге кіргіздік. Балалардың барлығы қорқып қалған. Менің басымнан өтпеген, білмеймін, ешкімнің басына салмасын! Осы видеоны қойып, басқа-басқа адамдар салып жатыр екен. Пәленшенің аты деп шығып жатыр екен да. Аманатқа қиянат етуге болмайды».
Ал қалалық төтенше жағдайлар департаменті үйдегі пеште ақау болғанын анықтаған.
Нұрсұлтан Жорабек, Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері: «Ағымдағы жылдың 12 қаңтарында Шымкент қаласы, Абай ауданы, Қайнар бұлақ саяжайы, Виноградная көшесі бойында орналасқан, жалпы көлемі 36 ш.м.құрайтын уақытша тұрғын үйден өрт шықты. Жалын сағат 07:56-да оқшауланып, 08:03-де толығымен сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша өрт қатты отынмен жанатын пештің ақауынан шыққан».
Қазіргі таңда Назира Дүйсенбаева балаларымен бірге көршісінің үйін паналап отыр. Мүгедек баласы бар жалғызбасты көпбалалы ана жомарт жандардың көмегіне мұқтаж. Егер, тағдыр тәлкегіне ұшыраған көпбалалы отбасыға қол ұшын созамын деушілер болса, көрсетілген нөмірге қаржылай аударым жасауға болады.
РЕКВИЗИТТЕР:
KASPI BANK +7 702 762 14 57 Альмира С.
БАЙЛАНЫС ТЕЛЕФОНЫ: +7 747 347 25 87 Назира Дүйсебаева