Шымкентте мердігер компания тұрғындардан негізсіз ақша жинаған

66

Шымкентте газ құбырын жүргізген мердігер компания тұтынушылардан негізсіз ақша жинаған. Тұран шағынауданының тұрғындары газ құбырларын ауыстыру кезінде олардың тым төмен орналасқандығына шағымданған. Салдарынан үйлердің қақпасы ашылмай, көлік қозғалысы қиындай бастаған. Мұндай шағым 1158 тұтынушыдан түскен.

Ал мердігер компания тұрғындарға құбырларды жобаға сәйкестендіріп, жоғары орнатып беру үшін әр азаматтан 20 мың теңге сұраған. Бұл қаржыны төлегендер да бар. Дегенмен, басым бөлігі коммуналдық-шаруашылық бөлімі мен қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымданған. Нәтижесінде түсіндірме жұмысы жүргізіліп, тұтынушылардың ақшасы қайтарылып, қызмет тегін көрсетілді.

Дәурен Ерғарин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық департаменті басшысының м.а: «Департамент бастамасымен әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында, әкімдік пен мердігер ұйым арасында мыңнан астам тұтынушылардың үй қақпаларына кедергі келтірмеу үшін газ құбырын 4 метрге дейін ұзарту жөнінде келісім жасалған болатын. Бұрын негізсіз жиналған ақша тұрғындарға қайтарылды».