Шымкентте жолақысы 90 теңге болуы мүмкін

138

2023 жылы қоғамдық көлік саласында қандай өзгерістер болады? Бұл сұраққа Шымкент қалалық жолаушылар көлігі басқармасының мамандары баспасөз брифингінде жауап берді. Ең басты жаңалық жолақының қымбаттауы. 2016 жылдан бері тарифтің көтерілмегендігін алға тартқан жауаптылар биыл автобуста жүру құнын жоғарылатуды жоспарлап отыр.

Шымкентте қоғамдық көлікпен жүру ақысы 90 теңге болуы мүмкін. Бұл туралы қалалық транспорт басқарма басшысының м.у.а Мұқтар Қоқанбаев мәлімдеді. Сөзінше, қазір елде қоғамдық көліктегі ең төменгі тариф үшінші мегаполисте. 70 теңге, және бұл көрсеткіш 2016 жылдан бері көтерілмеген көрінеді. Сондықтан, заң бойынша тасымалдаушының шығыны 15 пайыздан асса, тарифті жоғарылатуға болатынын ескерген жауаптылар биыл осындай шешім қабылдап отыр.

Мұқтар Қоқанбаев, Шымкент қаласы автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқарама басшысының м.у.а: «Ол бойынша тасымалдаушылар ассосиациясы өтінім беріп жатыр. Бүгінгі күні мәслихатқа, әкімдікке тиісті хаттар келіп түсті. «Атамекен» де тасмалдаушыларды қолдайық деп жатыр. Өйткені, шығын көп болғандықтан қиналып бара жатыр деп. Біз де тиісінше өз талабымызды қойып отырмыз. Мүмкін оқушыларды тегін тасымалдаймыз немесе тарифін төмендетеміз».

Алайда әзірге жолақының қашаннан бастап көтерілетіні белгісіз. Қазір тегін жүретін азаматтар санын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы қалада жеңілдікпен жүретін алты топ бар. Олардың қатарына мүмкіндігі шектеулі жандар, ауған соғыс ардагерлері, зейнеткерлер немесе оқушылар да қосылуы мүмкін.

Қазіргі таңда үшінші мегаполисте жаңа автобустар көп. Тіпті ел бойынша алдыңғы қатарда тұр дейді Мұқтар Қоқанбаев. Бірақ жолаушыларға тиімді жағдай жасау мақсатында биыл №30-32 бағыттағы қоғамдық көліктерді жаңарту жоспарланып отыр. Жалпы қалада қазір резервті қоса алғанда 78 бағыт бойынша 1000-ға жуық автобус қызмет көрсетеді екен. Оның 60 пайызы табиғи газбен қатынайды.

Мұқтар Қоқанбаев, Шымкент қаласы автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқарама басшысының м.у.а: «Автобустардың 640-ы бүгінгі күні метан газын пайдаланады. Оларды метан газымен қамтамасыз ету мақсатында 2 газ станциясы қызмет көрсетеді. Ал үшіншісінің құрылысы инвестор тарапынан жүргізіліп жатыр….».

Айта кетейік, бүгінде автобустың қайда келе жатқанын көруге болатын ай-көлік қосымшасын пайдаланушылар саны 200 мыңнан асты. Ал, 2020 жылы енгізілген төлем картасын 310 мыңнан астам азамат қолданады. Бұл жүйе арқылы, жолаушыларға жол ақысын картамен, смс және кюар код арқылы төлеуге мүмкіндік береді.