Толғақты жеңілдету: Эпидуралдық анальгезия

55

Шымкенттік дәрігерлер толғақты жеңілдететін емдік тәсілді тиімді қолдануда. Айтулы процедура түрі босануды жеңілдетіп, ауырсынуды басады дейді дәрігерлер. Жүктіліктегі туу процесін жеңілдететін тәсіл туралы толығырақ Лаура Нахыпқызы тарқатады.

Босану кезіндегі ұзақ толғату ана мен бала өміріне қауіпті болып саналады. Дәрігерлер туу процесін жеңілдету үшін түрлі ем тәсілін қолданады. Солардың бірі эпидуралдық анальгезия. Толғақты жеңілдетін процедура арқылы босанған аналардың бірі — Гүлсая Ешімова.

Гүлсая Ешімова, Шымкент қаласының тұрғыны: «19 қаңтар күні толғағым келіп, перзентханаға келдім. Толғағым ұзақ болуына байланысты қатты ауырсыну болды. Дәрі салып берген соң тез босандым».

Эпидуралдық анальгезия әдісі барлық жүкті әйелдерге қолданыла бермейді. Тек арнайы медициналық көрсетілемдері бар науқастарға арналған дейді дәрігерлер. Мамандардың айтуынша, бұл процедура қан қысымы жоғары, ананың денсаулығындағы кінәраты сәбидің туылуына кері әсерін тигізетін медициналық көрсетілімдер бар кезде науқастың келісімімен жасалады. Аталған аналгезияның қарсы көрсетілемдері де бар.

Дилшад Пайзахматұлы, №2 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі: «Арқа омыртқасында дерті бар, тәнтаңбасы (татуировкасы) бар және түрлі қабынулар анықталған жағдайда эпидуральді анальгезия қолданылмайды. Бұл әдіс арқа омыртқасының бел аумағына катетер арқылы жасалады. Оның өзінің тәртібі қатаң сақталуы тиіс. Белгіленген дәрілік доза ауырсынуды 70 пайызға дейін жеңілдетеді. Себебі, әйел дұрыс босану үшін толғақты сезінуі тиіс. Әсері, шамамен 2 сағатқа жетеді».

Айта кетейік, №2 қалалық ауруханаға қарасты перзентхана бөлімшесінде өткен жылы 10 238 ана босанған. Оның 271 әйелі эпидуральді анальгезия көмегіне жүгінген. Жалпы мұндағы перзентхана 140 төсек орынға лайықталған. Оның 100-і босанған әйелдер бөлімшесіне арналса, жүкті әйелдер потологиясына 20, жаңа туған сәби потологиясына 20 орын қаралған