Жетісайда мақта өңдеу саласына ден қойылмақ

239

Түркістан облысының әкімі жетісайлық кәсіпкерлермен кездесті. Жиын барысында мақта өнеркәсібін қалай дамытуға болатынын талқылады. Алдағы уақытта аймақта жаңа өнеркәсіп орындары ашылмақ. Сондықтан өңір басшысы белсенділік танытып, шаруаларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Жетісайда мақта бар да, өңдеуші жоқ. Осылай деген жергілікті кәсіпкерлер жан айқайын жеткізді. Олар әкімнен шағын және орта бизнес саласына қолдау көрсетуді сұрады.

«Ұсақ шаруашылық дамымай, экономикамыз дамымайды. Біз айтып қана қоймай іспен дәлелдеуіміз керек. Алдағы уақытта біздің жаққа мақта өңдеу бойынша зауыттсар салынса жақсы болар еді»- дейді жергілікті кәсіпкер

Жетісай мақтадан өзге бақша өнімдерін өсіруге бейім. Сондықтан іскер әйелдер қауымы қауын-қарбыздан түрлі тәттілер мен шәрбіт, сусындар өндіретін зауыт ашуды қолға алуды ұсынды.

Ал өңір басшысының шаруалармен еркін кездесуінде Өзбекстанмен екіжақты ортақ келісімшарттар жайында ақпарат берді. Сонымен қатар өз өтінішін жеткізген кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан қолдау болатынын, алайда еңбек етпей ештеңе де өнбейтінін айтады. Сондықтан еңбектене отырып бірге экономиканы көтеру керектігін жеткізді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуды тапсырды. Осыған орай еліміздің барлық аймақтарында, оның ішінде Түркістан облысында кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Несиелер, субсидиялар қарастырылған. Кәсіпкерлік дамыған қоғамда жұмыссыздық деңгейі төмеп, халықтың жағдайы жақсарады»

Айта кетейік, өткен жылы ауданның өнеркәсіп өнім көлемі 14 млрд. 814 млн. теңгені құраса, оның 7,6 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Әзірге аймақта 19 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр.