Жылдық инфляция 20,3 пайызға жетті

31
Жәрмеңкеге келген халықтың қарасы қалың болды

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 20,3%-ға жетті. Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді.

Айтуынша, былтыр желтоқсанда айлық инфляция 1,2%-ке дейін баяулағанына қарамастан, соңғы бес жылдағы орташа айлық көрсеткіш 0,7%-тен айтарлықтай асып түсті.
«Жылдық мәнде инфляция 20,3%-ға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға зор үлес қосып, жылдық көрсеткіш бойынша 25,3%-ға жетті. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымына байланысты қымбаттады», – деді Пірматов үкімет отырысында.
Ал азық-түлікке жатпайтын инфляция 19,4%-ға дейін өскен. Импорттың жоғары үлесі бар тауарлар, оның ішінде жеке пайдаланатын тауарлар, жуатын және тазалайтын заттар, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек бағасы едәуір өскен.
Әкімшілік реттеу себебінен жанар-жағармай мен 2021 жылғы жоғары база есебінен автокөлік бағасының өсу қарқыны баяулады.
«Желтоқсан айында ақылы қызметтердің инфляциясы 14,1% деңгейінде сақталды. Тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтердің құны өсу тұрғысынан баяулады», – деді Ұлттық банк төрағасы.
2022 жылғы 5 желтоқсанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ке дейін көтерген болатын. Пірматов былтыр қабылданған шаралар инфляцияны төмендетуге және оны орта мерзімді перспективада одан әрі тұрақтандыруға ықпал ететінін айтты.