Халықтың табысын арттыру бағдарламасы арқылы 1 млн-нан аса қызметкердің жалақысы өсті. Бұл туралы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Атап айтсақ, 74 мың дәрігердің жалақысы орта есеппен 30%-ке, 600 мың педагогтың жалақысы 25%-ке, 173 мың орта медициналық персоналдың жалақысы 20%-ке артқан. Бұл санатқа бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері де кіреді. Олардың да айлығы 20%-ке өсті. Сонымен қатар кеңесте бағдарламаны 2029 жылға дейін дамыта түсу мәселесі пысықталды. Оны республикалық және өңірлік деңгейлерге бөлу жоспарланған.
Алдағы уақытта жауаптылар жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл халқының табысын арттыруды көздейді. Сондай-ақ шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Одан бөлек, бюджеттен жалақыны көтеруді жалғастырады.