15 жасар қыздың өліміне қатысты сот үкімі кейінге қалды

76

Пиццерияда қайтыс болған 15 жасар қызға қатысты атышулы істің үкімі тағы кейінге қалды.

Шымкент қалалық Қаратау аудандық соты төрағасының айтуынша, процес жүруі үшін кінәлі деп танылған азаматқа Урду тілінде аудармашысы қажет екен.

Алпысбай Нәлібаев, Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы: «Қазір Қаратау аудандық сотының бірінші сатылы соты қылмыстық іс жүргізу заңнамасының бұзылуына байланысты бұл істі прокурорға қайтардық. Прокуратура апелляциялық шағым түсірді. Қалалық соттың шешімімен біздің шешіміміз күшінде қалды. Енді бұл істі қалалық сот тағы да прокурорға жібереді. Бұл Пәкістанның тұрғыны болғандықтан істі қарай алмаймыз. Мен өзім онымен орысша сөйлесіп көрдім, ол орысша әрең сөйлейді, тіпті түсінбейді».

Еске сала кетейік, өткен жылы 15 жасар Ақару Құралбай пиццерияда ток соғып қайтыс болған еді. Мектеп оқушысы жаз кезінде сонда уақытша жұмыс істеген. Дәмхана қожайыны 2022 жылдың қыркүйек айында қамауға алынды.

Марқұмның анасы қызын қасақана өлтірген болуы мүмкін деп санайды. Алайда полиция қызметкерлері сол кездің өзінде күдіктінің шетел азаматы болуына байланысты іс ұзаққа созылатынын айтқан еді.