Автобус жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

44

Шымкентте қоғамдық көлік жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс ашылды. Күні кеше мегаполисте автобус жасөспірімді қағып кеткен еді. Оқиға күндізгі сағат 10:00 шамасында орын алған. Куәгерлердің сөзінше, жәбірленуші жолдың рұқсат етілмеген бөлігінен кесіп өтпек болған. Қазір 17 жастағы науқас ауруханада ем қабылдап жатыр.

Шымкентте 17 жастағы жасөпірімді қағып кеткен автобус жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекске сай мұндай құқық бұзушылық үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі: «Жайт ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігімен «көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы” тіркелді. Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізілуде».

Жазатайым оқиға күні кеше мегаполистегі А.Байтұрсынов көшесінде орын алған. Куәгерлер жаяу жүргіншінің жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпек болғанын айтады. Сол мезетте қалалық №27 бағыттағы автобус қызды қағып кеткен. Жүргізуші қызды көрген бойда тежегішті басып, рөлді өзге бағытқа бұрған. Алайда оқиға кенеттен орын алғандықтан апаттың алын алу мүмкін болмапты.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқыс жағдай туралы жедел жәрдемге қоңырау сағат 10:17-де түскен. Оқиға орнына барған мамандар науқасқа медициналық көмек көрсетіп, №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізген. Онда алғашқы көмек көрсетілген соң жасөсіпірім балалар ауруханасына ауыстырылды. Қазіргі жағдайы орташа ауыр.

Ержан Байдуллаев, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы дәрігерінің хирургия ісі жөнінде орынбасары: «Баланың жағдайына байланысты нейротравматология бөліміне жатқызылды. Қазіргі баланың жағдайы орташа ауырлықта. Есі анық. Балада жабық бас ми жарақаты. Бас миының соғылуы».

Дәрігердің айтуынша, науқастың денсаулығы жақсарса 7 мен 10 күн аралығында үйіне шығарылуы мүмкін.