Ауыл әкімдерінің сайлауы саяси мәдениеттің артуына оң әсер етеді

30

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мемлекеттік басқару және саяси жүйесін уақыт талабына сай кезең-кезеңімен реформалап, жаңғыртып келеді. Атап айтқанда, Парламенттің рөлі мен ықпалы заңнамалық деңгейде күшейтіліп, Президенттің құзіретіндегі бірқатар өкілеттіліктер заң шығарушы органға жүктелді.

Елімізде соңғы жылдары саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар да жеңілдетілді. Ендігі жерде  партияға тіркеу үшін 40 мың азаматтың қолдауы керек емес, саяси ұйым құру үшін 5 мың мүше болса жеткілікті. Ал, өңірлік өкілдіктерінің саны 600-ден 200 адамға дейін азайтылды. Сол сияқты саяси партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең азы 1 мыңнан 700 адамға дейін төмендетілді.

Одан бөлек, партия құру жөніндегі құрылтай съезін өткізу мерзімі 2 айдан 3 айға дейін ұлғайтылды. Мұның бәрі Қазақстанда билік тармақтарының бір бірінен дербестігінің артуына және саяси леберализмге жол ашып отыр.

Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты да бастамалар көтерді. Сөйтіп, «Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Соның ішінде өткен жылдан бастап ауыл округтері мен аудандық маңызға ие қалалардың, кенттердің әкімдерін тікелей халық сайлайтын тәжірибе енгізіліп отыр. Ауыл әкімдерінің корпусын жаңарту биыл да жалғасады. Биылғы жылы 350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жоспарланып отыр. Сайлау 1 мыңнан астам ауылдық елді мекенді қамтиды.

Ауыл әкімдерін тұрғындардың тікелей дауыс беру арқылы сайлауының бірнеше артықшылықтары бар. Біріншіден, бұл тұрғындардың жергілікті жердегі жағдайға және оған қатысты қабылданатын шешімдерге ықпалын арттырады. Екіншіден, ауыл әкімдерінің өзіне тікелей дауыс берген тұрғындардың алдындағы жауапкершілігі артады. Үшіншіден, биліктің децентрализация деңгейі артқан сайын жергілікті әкімдердің дербестігі мен шешім қабылдау еркіндігі де күшейіп, бұл елді мекендердегі проблемалардың жоғарыға алаңдамай-ақ уақтылы шешілуіне мүмкіндік береді.

Әрбір сайлау – еліміздің болашағын айқындайтын маңызды саяси науқан. Азаматтарымыз сайлауға қатысу арқылы ел болашағына деген жауапкершілігін сезінуге дағдыланады. Ауыл әкімдеріне қоса биыл  пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайланады. Осының бәрі елімізде саяси мәдениеттің дамуына оң әсер етеді деген ойдамын.

К.Төлебаев — Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы