Биыл Түркістан облысында үш визит орталығының құрылысы аяқталады

48
Сауран – тек сауда орны ғана емес, данышпандар мен ойшылдардың оқу-білімнің ордасы ретінде аты жайылған. XIV ғасырда мұнда медресе тұрғызылған. Бірінші медресе – XV ғасырдың соңына дейін шәкірт дайындаған

Мәдениет және спорт министрлігі 2023 жылы «Сауран», «Гауһар-ана» және «Ордабасы» визит-орталықтарының құрылысын аяқтайды. Бұл туралы МСМ тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы Жанат Сеидалиева мәлімдеді.

«2023 жылы үш визит-орталықтың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ол «Сауран», «Гаухар-ана» және «Ордабасы» туристік оралықтары. Аталған тарихи визит-орталықтардың үшеуі де еліміздің рухани астанасы – Түркістан облысында орналасқан»,- деді Сеидалиева.
Мәдениет және спорт министрлігі  баспасөз қызметінің ақпаратынша, «Сауран» қалашығы Түркістан қаласынан 40 шақырым жерде. Мұнда келушілер мен туристерге қызмет көрсету үшін заманға сай инфрақұрылым жасалады.
Ал «Гауһар-ана» кесенесі – Орта Азия аумағындағы әйелдер құлшылық жасауға арнайы келетін орын. Визит-орталықта қонақтарға жайлы жағдай жасау үшін түнеуге арналған орындар қарастырылған.
«Ордабасы» аумағында да визит-орталықтың құрылысы белсенді жүріп жатыр.
«Визит-орталықтар бірінші кезекте ғылыми, мәдени, ақпараттық кешен ретінде пайдаланылады. Мұнда туристер үшін барлық қолайлы жағдай жасалады. Бұдан бөлек жергілікті жердің мәдени-туристік кластерін дамытуға, өңірдің брендке айналған тарихи-мәдени және табиғи ресурстарды пайдалана отырып, имидждік, туристік өнімдерді жасауға үлкен мүмкіндік»,- деді Тарихи-мәдени мұра басқармасының басшысы.
Министрлік бүгінгі таңда Қазақстанда үш визит-орталық жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Ол Алматы облысындағы «Таңбалы», Ұлытау облысындағы «Ұлытау» және Түркістан облысындағы «Отырар» орталықтары.