Қасиетті мекенге жолдама уәде етіп, сөзінде тұрмаған «Кәусар-тревел» туристік агенттігінің басшысы қолға түсті. Алматы қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен табылған директор Шымкент қаласына жеткізіліп, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Полицияның мәліметінше компания басшысының сөзіне алданып, зардап шеккендердің саны тағы да артуы мүмкін.
Жарқынбек Бекмұрзаев жарымен бірге «Кәусар-тревел» компаниясы арқылы кіші қажылыққа сапар шегуі керек еді. Сөзінше, келісімшарт бойынша 17 қаңтар күні тікелей рейспен Шымкенттен Мединаға ұшуы тиіс болған. Алайда, компанияның түрлі сылтауымен киелі сапар кейінге шегеріліп, 20 қаңтар күні әзер дегенде жолға шыққан екен. Оның өзі Дубай және Доха қалалары арқылы жүзеге асқан көрінеді. Оның үстіне Медина қаласына жеткеннен кейін де жолаушылардың мәселесі көбеймесе, азаймаған.
Жарқынбек Бекмұрзаев, Сайрам ауданының тұрғыны: «Өздерін «Кәусар-тревел» өкіліміз деген екі жас жігіт күтіп алды да, қонақ үйге алып барды. Қазір күте тұрыңыздар, нөмірлеріңіз дайын болады деді, сонымен біз холлда 2-3 сағат күтіп қалдық. Күтіп отырған кзеде қонақ үйдің иесі шықты да, «сіздер кімсіздер, бұл жерде сіздерге орын брондалмаған, мұнда қазір бос орын жоқ» деп айтқаннан кейін қайта автобус шақыртып, бізді қаланың сәл шет жағына апарып, жатақханаға жайғастырды. Таң атып қалған еді, бізге айтты «азаңда 7-де шығыңыздар, экскурсия болады, дайындалыңыздар» деді де кетіп қалды. Сонымен біз азанда тұрдық, «Кәусар тревелдің» өкілі де, автобус та, тамақ та жоқ. Ақшасы да төленбеген».
Өзге елге барып, далада қалған жандарға, сонда қажылығын өтеп жүрген отандастарымыз қол ұшын созыпты. Жарқын Бекмұрзаев 1 млн-нан астам шығынға ұшырығанын айтады. Егер, демеушілер көмектеспегенде, шығын бұдан да көбейер еді дейді ол.
Жарқынбек Бекмұрзаев, Сайрам ауданының тұрғыны: «Басқа компаниялардың өкілдері келіп, қазақтар қиналып жатыр көмектесейік деп, 2 күн қонақ үйді төлеп берді. Экскурсияға автобус жалдап берді. Сөйтіп, демеушілердің көмегімен Мединадағы экскурсияның бәрін өттік. Екі күннен кейін Меккеден де қонақ үй жалдап береміз, автобус бәрін береміз деді. Екі күннен кейін автоубс келді, біз Меккеге шығып кеттік. Бастан-аяқ есептесек, біз келіншегім екеумізге миллионнан аса шығын кетті. Ол демеушілердің ақшасын есептемегенде, жеке өз басымыздан миллион шығын кетті ғой. Демеушілердің көмегімен көп жеңілдетілді, қонақ үй, тамақтар».
Кіші қажылыққа аттанған 57 адам, елге орала салысымен, бірден полицияға арыз жазған. Ал жүздеген адамға уәдені үйіп-төгіп, сөзінде тұрмаған туристік агенттіктің басшысы ақыры құрықталды. Ол Алматы қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынып жүрген жерінен ұсталды. Күдікті дереу Шымкент қаласына жеткізіліп, сот шешімімен уақытша тергеу изоляторына қамалды.
Ерлан Ирбаев, Шымкент қаласы ПД Еңбекші АПБ тергеу бөлімінің бастығы: «Шымкент қалалық полиция департаментінің Еңбекші аудандық полиция басқарма қызметкерлерімен Мекке және Медина қалаларына жолдама алып, 50-ге жуық адамдарды алдаған туристік агенттігінің басшысы ұсталды. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 190-бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды».
Бүгінде келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 33 млн. теңге болып отыр. Сан соғып қалған халық қаржыны қайтаруын талап етіп отыр. Әзірге зардап шеккендердің нақты саны белгісіз. Дегенмен, тәртіп сақшылары олардың саны артуы мүмкін екенін айтады.