Мемлекеттік сатып алу саласында монополия жойылады. Яғни, ірі компаниялардың нарықтағы беделін пайдаланып қымбат тендерлерді алуына тосқауыл қойылмақ. Бұл шағын және орта бизнеске үлкен мүмкіндік.
Мемлекеттік сатып алу кезінде мердігерлердің мүмкіндігін теңестіру үшін бірнеше тетік енгізіліп жатыр. Оның ішінде компанияның жүктемесін есепке алу механизмін атап өтуге болады. Яғни, бірнеше тендері бар құрылысшылардың балы кеміп, шартты жеңілдік көлемі азаяды. Бұл қомағай кәсіпкердің аптығын басып, қатысатын байқауын мұқият таңдауға түрткі болады. Өйткені тым көп тендер алғандар келесі конкурстан қағылуы мүмкін.
Яғни, баршаға бірдей мүмкіндік берілуі үшін заң талабы толық сақталуы керек. Қаржы жобалық сметалық құжатта көрсетілген уақытта бөлінсе, қосымша тетіктер де тиімді жұмыс істейді. Сонда саладағы шағын және орта бизнес өкілдерінің үлесі де артады.