Миллионнан астам азамат өзін «банкрот» деп жариялай алады

27
фото Тенгри

Өзін «банкрот» деп жариялаған азаматтар қалай тексеріледі? Бұл туралы Қаржы министрлігінде өткен баспасөз брифингінде айтылды. Министрлік мәліметіне сүйенсек, қазірдің өзінде 10 мыңнан аса қазақстандық банкроттыққа өтініш қалдырған. Ал жалпы бұл процедурадан миллионнан астам адам өте алады.

10 мыңнан астам қазақстандық өзін «банкрот» деп жариялауға дайын. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады. Өтінішті қабылдау ресми түрде наурыз айында басталады. Мамандар бұл уақытқа дейін үміткерлер саны артуы мүмкін дейді.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі: «Банкрот болу, болмауды әркім өзі шешеді. «Банкрот» мәртебесі «қара таңба» сияқты ғой, сондықтан азаматтардың көбі ойланып шешіп қабылдайды деген сенімдемін. Сонымен қатар олар бес жыл несие алуға шектеу қойылып, жеті жыл банкроттар тізімінде тұрады. Бірақ біз нақты миллион адам болады деп болжай алдмаймыз. Өйткені, қаңтар айының 25 күн ішінде 10 мыңнан астам адам өтініш қалдырып отыр».

Соттың банкроттық рәсімінің құны 70 мың теңге. Ол тек әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін тегін болмақ. Ал қарапайым тұрғындарға қаржы менеджерлері көмектеседі. Бұл бухгалтерлер, аудиторлар, заңгерлер және басқа да мамандар. Олардың қызметін мемлекет төлейтін болады.

«Соттан тыс банкроттық банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге берешегі 1600 АЕК немесе 5,52 миллион теңгеден аспайтын, 12 ай ішінде өтелмеген қарызы, мүлкі болмаған жағдайда ғана мүмкін болады. Сондай-ақ қарыздары бойынша банкпен есеп айырысу арқылы. Соттан тыс банкроттықтың өзін мемлекеттік кірістер органдары, аудандық бөлімдер жүзеге асырады»,-деді вице-министр.

Бірақ барлығы бірден жүзеге асып, қарызыңыз кешіріле салмайды. Мамандардың сөзінше, өзін банкрот деп жаряилаған азаматтар толық тексеріледі.

Ержан Біржанов,  ҚР Қаржы вице-министрі:  «Өтініш берілгеннен кейін мемлекеттік органдарға сұраныс жіберіледі. Бұл біз деректерді алатын 22 ақпарат көзі. Қазірдің өзінде олармен жеті мемлекеттік орган мен алты ұйым біріктірілген. Біз жарамдылығын тексереміз. Егер азамат заңнамада көрсетілген барлық критерийлерге сәйкес келсе, онда 15 күн ішінде оның өтінішін мақұлдап, тізімге енгіземіз. Содан кейін банкроттық процесі басталады».

Сіз үйден шықпай-ақ өтініш бере аласыз. Ол үшін eGov онлайн қызметі мен e-Salyq Azamat қосымшасын пайдалану қажет. 15 күн ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдары жағдайды реттеу үшін шешім қабылдайды немесе басқа шарттарды ұсынады. Бұл тұста қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі делдал ретінде әрекет етеді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, жалпы миллионнан астам қазақстандық банкроттық рәсімін пайдалана алады.