Түркістан облысында полицейлер түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау мақсатында бейнебақылау камераларымен тәулік бойы жұмыс жасайды.
Мәселен Жедел басқару орталығындағы бақылау камералары арқылы кезекті құқық бұзушы анықталды. Яғни полицейлер Жаңа қала мөлтекауданындағы көшелердің бірінде артқы және алдыңғы мемлекеттік нөмірлерінің орнына «Свои», «LADA» деп жазып қойған «ВАЗ 2114» көлігін анықтады.
Камерада отырған полицейлер бірден сол аймаққа жақын жүрген полицейлерге хабар берді. Патрульдік полиция инспекторлары болса, көрсетілген мекенжайға тез арада жетті. Содан жүргізушінің жеке басын анықтап, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 3-бөлігі «Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырды. Көлік айыптұраққа қойылып, иесіне жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Осы ретте Түркістан облысының полицейлері кейбір жүгенсіз жүргізушілерге құр мақтанға салынып, соңында опық жеп қалмаңыздар деп ескертеді.