Пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген антикор қызметкерлері сотталды

50

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері Түркістан облысының ауыл әкімдерінен пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы хабарлады.

Мәліметке сүйенсек, антикор өкілдері Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімдігін тексеріп, ауылдық округтердің әкімдерін қылмыстық жауапкершілікке тартумен қорқытып, олардан ақшалай қаражат талап еткен. Ал әкімшілік қызметкерлері тексерістің оң шешілуі үшін 400-мыңнан 630-мың теңгеге дейінгі қаражат берген.

«Жеті ауылдық округтің әкімдері мен әкімшіліктің бір есепшісі соттармен әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыру және айыппұл түріндегі жазаларға тартылған. Кейін Бас прокурордың наразылығымен Жоғарғы Сот оларды толығымен ақтап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өкілдерінің іс-әрекеттерінде тікелей арандатушылық бар екенін анықтаған. Өз кезегінде, екі жедел өкілге қатысты Қылмыстық кодектің 362-бабы 4-бөлігімен (билiктi және лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған»,-делінген ҚР Бас прокуратурасы таратқан мәліметте.

Тергеп-тексеруді Бас прокуратураның арнайы прокуроры жүргізіп, кінәларын толығымен дәлелдеген. Әрі қылмыстық іс сотқа жолданған. Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2023 жылғы 26 қаңтардағы үкімімен ауыр санаттағы лауазымдық қылмыс жасағаны үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бұрынғы екі жедел өкілі арнайы шендерінен айырылып, әрқайсысы алты жылға бас бостандықтарынан айыру жазасына тартылды.

Жәбірленушілердің пайдасына моральдық залал өндірілді. Айта кетейік, әзірге заң күшіне енбеген. Сотталғандар апелляциялық шағым түсіре алады.