Полицейлер «пара беру» көбейгенін айтып шағымданып жатыр

58

Қазақстандық полицейлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра ала ма? Қазір Ішкі Істер министрлігінің пилоттық жобасы аясында полицейлер тексеруден өтіп жатыр. Бұл арқылы министрлік халықпен жұмыс істейтін мамандардың жұмыс сапасын бақыламақ.

Қазақстандықтар көп пара береді. Мұндай бармақ басты көз қысты әрекет туралы бүгінде полицейлердің өздері хабарлап жатыр. Тіпті ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, биыл қаңтар айындағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 есе өскен.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР Ішкі Істер Министрлігінің ресми өкілі:
«Ағымдағы жылдың қаңтар айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мұндай фактілердің саны 3 есеге өсті. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері сондай-ақ оларлың қызметтік автокөліктері мен үй-жайлары ақпаратты автоматты түрде жедел басқару орталықтарына жіберетін заманауи фиксаторлармен жабдықталған.

Бұл «Парасаттылыққа тексерудің» пилоттық жобасы аясында анықталған фактілер. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері аталған жоба аясында тексеруден өтеді. Жоба іске қосылған қысқа мерзімге қарамастан тексеру нәтижелері өз тиімділігін көрсетті. Мысалы, өтініштерге қатысты жедел қызмет көрсетіле бастады, қызметкерлер өз жұмысына жауапкершілікпен қарауға, дұрыс және сыпайы жауап беруге ұмтылуда. Бұл қызмет көрсету моделінің принциптеріне сәйкес келеді. Министрліктің мәліметінше, ең алдымен халықпен байланыста болатын мамандар сынақтан өткен.

Сондай-ақ биыл қызметтік міндетін атқару кезінде полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетудің 19 фактісі анықталған. Ал билік өкілін қорлаудың 44 жағдайы тіркеліпті. ІІМ азаматтарды заңға бағынуға шақырады.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР Ішкі Істер Министрлігінің ресми өкілі:
«Лауазымды адамға пара бергені үшін айыппұл салуды немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан ө өмір бойына айыруды көздейтін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске саламыз»

Айта кетейік, егер сіз бопсалауға тап болсаңыз министрліктің өзіндік қауіпсіздік комитетіне немесе 1402 сенім телефонына хабарлауға болады.