Қаратау ауданында ұрлық пен есірткі саудасына қатысты қылмыстар саны артқан

42

Шымкенттегі Қаратау ауданында ауыр қылмыстар саны артқан. Аудандық соттың мәліметінше, биыл есірткі тарату, ұрлық, алаяқтық және жазатайым оқиғаларға қатысты істер жиі қаралған. Оған қоса азаматтық қылмыстық істер де азаймай тұр. 

Мегаполистегі Қаратау ауданында ұрлық, есірткі сату және жол-көлік оқиғалары жиілеген. Аудандық сот төрағасының айтуынша, интернет-алаяқтар белсенділігі екі есеге артқан. Өткен жылы қаржылық пирамидалар мен онлайн алаяқтыққа қатысты 80-нен астам іс қаралды. Олардан келтірілген шығын көлемі бірнеше млн теңгені құрайды.

Алпысбай Нәлібаев, Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы: «Қылмыстық істер бойынша аудандық сотқа 521 тұлғаға қатысты 464 іс түскен. Қазірдің өзінде 400-ден астам іс аяқталды, 237 іс бойынша үкім шығарылды. 68 тұлғаға қатысты бас бостандығынан айыру, 102 тұлғаға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. 60-тан астам адам қоғамдық жұмыстарға тартылған».

Қаратау аудандық сотында бір жылда 5 мыңнан астам азаматтық іс қаралды. Оның басым бөлігі отбасылық жанжал, жер немесе мұрагерлік дауға қатысты туындаған. Сонымен қатар тұрғындар сотқа бөлшек сауда мен әлеуметтік желілер арқылы зат сатып алу кезінде туындаған келіспеушіліктерге байланысты шағыммен жүгінген.

Алпысбай Нәлібаев, Шымкент қаласы Қаратау аудандық сотының төрағасы: «2022 жылдың есепті кезеңінде аудандық сотқа 5 687 азаматтық талап арыз түскен. 3369 іс аяқталды. Сот шешімімен 1681 іс қаралып, 861 тұлға сот бұйрығын алды. 800-ден астам іс қараусыз қалдырылды, 340 іс сот өндірісімен тоқтатылды. Оның ішінде 299 іс татуласу арқылы қаралған».

Сот процесін жеңілдету үшін «Отбасылық сот» жобасы мен сотқа дейінгі татуласу рәсімі ұйымдастырылған. Айта кетейік, медиация екі тараптың шарттарын қанағаттандырып, бір шешімге келуге мүмкіндік береді.